World News in Kazakh

69 жастағы әжейдің “ұзатуындағы“ видеосы миллиондаған қаралым жинады

Түркістан облысында 69 жастағы әжейге "қыз ұзату" салты жасалды. Видео авторының айтуынша, 50 жыл отасқаннан кейін отағасы жастық шақтағы уәдесін орындап, жарына жарты ғасыр бұрын жасалуы тиіс тойды ұйымдастырып берген, - деп хабарлайды Tengri Life.
Бейнероликті ерлі-зайыптының немересі жариялады. Кадрлардан әжей туған-туыстарының ортасында, ән-шашу, салт-дәстүрлерді сақтап, лимузинмен нағыз қалыңдық секілді салтанатты түрде ұзатылғанын көруге болады.

"Аңыз бол: әжең сенің емес, сен әжеңнің ұзатуын көр", - деп жазды автор.


@adikosi_005 #ұзату #той #әже ♬ түпнұсқа дыбыс - ????

Видео екі миллионға жуық қаралым жинады. Пікір қалдырушылар өз эмоциясын жасыра алмады.

"Қызық, мұндай қалыңдықтың қалың малы қанша екен?", "Оның ененесі жоқ шығар. Қандай бақытты қалыңдық!", "Мен кешігіп қалдым ба десем, әлі мүмкіндігім бар екен ғой", "Тұрмысқа ертерек шығып кетіпті", - деп жазды желі қолданушылары.

Видео авторы не дейді?
Біз "жас жұбайлардың" немересі Адинамен хабарластық. Салтанатты шараның басты кейіпкерлері - 50 жыл бірге ғұмыр кешкен Боранкүл мен Сапарғани.

"Бұл жай ғана той емес, 50 жылдық алтын той болды. Ал ұзату - әжемнің баяғыдан бергі арманы еді", - деді Адина.

Адинаның айтуынша, атасы жас кезінде болашақ жарын "алып қашқан", сондықтан ол кезде толыққанды ұзату тойы болмаған. Жарты ғасырдан кейін "қыз ұзату" рәсімін өткізу атасының берген уәдесі екен.

"Бұл әжемнің арманы болатын. Осыдан 50 жыл бұрын атам әжеме: "50 жылдан кейін мен сеңі тағы да алып қашамын" деп уәде берген екен", - дейді Адина.

"Қыз ұзату" қалай өтті және қандай жоралғылар жасалған?
Мереке 9 мамырда Сарыағаш маңындағы Мәдениет ауылында өткен. Қазір Боранкүл әже 69 жаста, ал оның жұбайы 74-те.

"Әжемнің інісінің үйі қара шаңырақ саналатындықтан, ол дәл сол үйден ұзатылды", - деді Адина.


@adikosi_005 @Жаннат Оралбаева пайдаланушысына жауап #рек #той ♬ Махаббат Жыры - Nurzhan Kermenbayev & Saltanat Bakayeva

Немересінің айтуынша, "қыз ұзатуда" қалың мал беріліп, киіт кигізілген, ән мен ойын-күлкімен шығарып салып, соңынан "жас жұбайлар" лимузинмен кеткен.
Мерекені ұйымдастыруға бүкіл әулет: әженің бауырлары, немерелері, келіндері мен ұл-қыздары атсалысқан. Адинаның сөзінше, бұл идеяны бәрі бір ауыздан қолдаған, өйткені атасының уәдесі туралы бәрі білетін.

"Атам мен әжем бұл идеяны жастық шағынан бері аңсап келді. Атам 50 жылдық алтын тойда оны тағы да "алып қашып", лимузинмен жүруге уәде берген. Балаларына бұл туралы жиі айтатыны соншалық, уақыты келгенде бәрі бірден қолдай кетті", - деп бөлісті Адина.

Адинаның сөзінше, видео бастапқыда тек отбасылық мұрағат пен таныстар үшін жарияланған. Алайда бұл хикая күтпеген жерден танымал болып, жүздеген мың лүпіл жинады.

Читайте на сайте