Қарасу мысалындағы су тапшылығы. Алматы көлдеріне қандай қауіп бар?
Осыдан қырық жылдай бұрын Қарасу көлі алматылықтар үшін қаланың төменгі бөлігіндегі ең көрікті демалыс орындарының бірі болған. Бірақ тоқсаныншы жылдары тиісті күтім жасалмағандықтан, су айдынының түбіне лай шөгіп, жағалауында қоқыс үйіле бастады.
2010 жылдардың ортасына қарай Алатау ауданындағы Қарасу шағынауданның тұрғындары үшін көл мүлдем жарамсыз әрі қауіпті күйге түсті.
Алайда 2017 жылы таңғаларлық жағдай болды - көл мен оның жанындағы ғибадатхананың суреті New York Times басылымына шықты. Бұл сурет бір топ жергілікті тұрғын мен белсендіге көлді құтқарумен айналысуға шабыт берді.
Tengrinews.kz назар аударуға тұрарлық оқиғаны баяндайды. Бұл қазақстандықтар бейжай қарамаса, өз бетінше қаншалықты көп іс тындыра алатыны туралы ғана емес, сонымен қатар аймақ пен әлемге төніп келе жатқан үлкен су мәселесі тұрғысында кішігірім көлді құтқарудың маңыздылығы туралы хикая.
Көлді құтқарушылардың бірі алматылық Сергей Васильев болды. Редакция бұл тұрғынмен жұмыс енді басталған кезде, 2018 жылы сұхбат жүргізген болатын.
Сол кезде белсенділер сенбіліктер ұйымдастырып, абаттандырумен айналысты және Urban Forum Almaty байқауына қатысты. Сондай-ақ көл жанындағы саябақ аймағының жобасын әзірлеуге көмектесті. Нәтижесінде бұл бастаманы Алматы билігі қолдап, 2020 жылы ол жерде тас төсемдер мен жарықшамдар пайда болды.
Кейінірек, 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың қарашасына дейін әкімдік Қарасу көлін тазарту жұмыстарын механикалық жолмен жүргізді. Су айдыны құрғатылып, экскаваторлармен 53 тонна қоқыс пен 10 мың текше метр лай шөгіндісі шығарылды. Жұмыс барысында экскаваторлардың бірі тіпті батпаққа батып кетті - лай қабаты соншалықты терең болған.
Tengrinews.kz тілшісі белсенділер бұл іске білек сыбана кіріскеннен кейін, арада 10 жылға жуық уақыт өткенде, 2026 жылдың мамырында Қарасу көлінің қазіргі жай-күйін біліп көруді жөн санады. Бұл Алматы су айдындарына арналған топтаманың алғашқы материалы.
Балықшылар мен үйректер: Қарасу көлінің қазіргі көрінісі
Қазір Қарасу көлі 2024 жылы аяқталған тазарту жұмыстарынан кейін қалпына келтіріліп жатыр. Осыдан бір жыл бұрын жағалауда өсімдік атаулы болмаса, қазір көрініс әлдеқайда көркем. Бақалардың дауысы кейде бүкіл маңайды басына көтереді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Арғы бетте екі жас балықшыны көзіміз шалды. Балалар шамамен үш-алты жас аралығында болса да, қармақты өте шебер ұстайды екен.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Екінші жағалаудан жасы үлкенірек балықшыны жолықтырдық. Ол - мопед мінген 80 жастағы ақсақал. Ол атын айтудан бас тартып, суретке түсірмеуді өтінді. Ақсақалдың айтуынша, бүгін ол "міне, мынадай" алты балық ұстапты. "Міне, мынадай" дегенде, қария саусағының ұшынан білегіне дейінгі қашықтықты көрсетті.
"Балықты немерем алып үйге кетті. Ал маған жүру қиын, сондықтан мопедпен жүремін. Мен осы маңда тұрамын. Мұнда жиі балық аулаймын. Негізі бұл көлдің өзі қолдан жасалған. Жер асты сулары, бұлақтар жақын болған соң, осы жерді қазуды ұйғарған. Бұл шамамен 70-жылдары болатын. Әкем осы жерде көмектескен, ол тракторшы болып жұмыс істеп, өз техникасымен осы көлді қазған. Мұндай көлдерді сел жүрсе үлкен тасқынды тежеп, су жинау үшін арнайы қазған болатын", - деп бөлісті жергілікті тұрғын.
Әрі қарай жүрдік. Былтыр көл айналасындағы тас төсемдер мен жарықшамдар жаңартылыпты. Мұнда шағын күрке де бар. Бірақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері неге екені белгісіз, қарастырылмаған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бақа аулап жүрген қаңғыбас итті жолықтырдық. Ит суға жақындап барып, бақа көрінгенше тапжылмай тұрады. Бірақ біз оның бірде-бір сәтті әрекетін көрмедік. Сондықтан репортаж түсіру кезінде ешбір бақа зардап шеккен жоқ.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бірақ Қарасуда тек иттер мен бақалар ғана емес, сонымен қатар балапандарын ерткен үйрек те жүр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Сәл әріректен қамыс тауығын кезіктірдік - бұл тұмсығы әдемі қызыл түсті, кішкентай су құсы. Су бетінен бос пластик шөлмек те байқалды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бір сәтте су астынан суқұзғынға ұқсайтын құс шығып, бірден ұшып кетті. Егер қателессек, сөкпеңіздер.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Көлдің арғы шетін біршама қалың шөп басқан. Кей жерлерде жеке үйлердің қоршаулары жағалауға өте жақын орналасқан.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл бөлікте қоқыс та жиі кездеседі. Олар тақтайлар мен паллеттер болуы мүмкін.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Немесе кәдімгі пластик шөлмектер.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Өтіп бара жатқан адамдардың айтуынша, жақында ғана мұнда сенбілік өткен. Әдетте су бетінде бұдан да көп қоқыс қалқып жүретінін айтады.
Көлдің ағысы Бағаналы Орда көшесінің астынан өтіп, келесі бетке шығады. Мұнда былтыр билік өкілдері төсемтастарды жаңартып, балалар әткеншегін орнатып, шағын амфитеатр жасаған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Түсірілім жасап жатқанда, көлге балық аулау үшін велосипед мінген тағы бірнеше ересек бала келді. Алматы сияқты мегаполис үшін бұл көрініс шын мәнінде сирек кездесетін, тіпті таңғаларлық жағдай.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Қанша балық ұстап үлгергендерін сұрадық.
"Екі дөңмаңдай!" - деп айқайлады бізге басынан бері бақылап тұрған жас балықшылардың бірі.
Айтпақшы, көлге шомылуға тыйым салынған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Алматының кішігірім көлдері және үлкен су мәселесі
Сонлай-ақ Tengrinews.kz редакциясы Сергей Васильевпен - осыдан бірнеше жыл бұрын Қарасуды құтқаруды бастаған белсендімен, қазіргі уақытта "Алматыны дамыту экологиялық қоры" қоғамдық қорының директорымен байланысқа шықты. Васильевтен көлдің қазіргі жай-күйін қалай бағалайтынын сұрап білдік.
"Жергілікті балықшылар су айдынына балық жіберді, біртіндеп мөңке, дөңмаңдай балықтарын әкеліп жатыр. Былтыр наурызда хлорелла жіберілді. Кейін 3-4 зертханалық талдау жасалып, экожүйе мен микрофлораның қалпына келгені расталды. Бұл су деңгейі жоғары болса, су айдынына балық жіберуге болатынын және балықтың тірі қалатынын түсінуге мүмкіндік берді", - деп түсіндіреді сарапшы.
Жүргізілген абаттандыру жұмыстарының да өз әсері бар, деп есептейді Сергей Васильев. Айналасына қоршаулар қойылып, көлге кіру мүмкіндігі шектелді. Соның нәтижесінде қоқыс азайды.
"Шамамен мамырдың басында немесе сәуірдің соңында әкімдік ұйымдастырған сенбілік өтті. Сондықтан сіздер келген кезде қоқыс аз болды. Шынында да, біз осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көлмен айналыса бастаған кезбен салыстырғанда қоқыс айтарлықтай азайды. Дегенмен, су тапшылығы бәрібір өз дегенін істейді. Егер тамызда келсеңіздер, бұл көл емес, батпаққа айналады. Күн ысып, су буланады, ағыс азаяды, оттегі жетіспегендіктен балықтар қырыла бастайды. Сондықтан болжам көңіл көншітпейді. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз", - дейді эколог.
Сергей Васильевтің айтуынша, Қарасудың бірнеше жылдан бері қоғам белсенділері көтеріп жүрген шешілмеген үш мәселесі бар:
Қосымша су көздерінің жоқтығы. Тоқсаныншы жылдарға дейін Қарасуды бірнеше арық қоректендіріп тұрған, кейін олар көміліп қалды. Қазір көл тек бұлақ суларымен толығады. Бұл көктемде жеткілікті. Бірақ жазда су келгеннен қарағанда тезірек буланады. Осының салдарынан көл "гүлдеп", батпаққа айнала бастайды. Қор бұл мәселені негізгі түйткіл деп санайды. Оны шешу үшін жаңбыр суын жинауға және тазартуға арналған арнайы тұндырғыштар жасау ұсынылады.
Жағалауда салынған жеке үйлер. Васильевтің пікірінше, халықаралық тәжірибеге сәйкес, су қорғау белдеуіндегі үй иелері жағалау мен суды тазартуға атсалысуы тиіс. Қоғамдық қор директоры әкімдік көл маңындағы жылжымайтын мүлік иелерімен бірлесіп, жыл сайынғы тазарту іс-шараларының жоспарын әзірлей алады деп есептейді.
Тек Қарасу көлімен айналысатын қоғамдық ұйымның жоқтығы. Сергей Васильев "Қарасуды құтқару комитетін" құруға болады деп санайды. Бұл жеке емес, су айдынын қамқорлыққа алатын қоғамдық ұйым болуы тиіс. Сарапшы көл - балық жіберуді, қыста аэрацияны, балдырлар мен қамыстарды тазалауды, сенбіліктер өткізуді қажет ететін тірі ағза екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай міндеттерді әкімдікке тапсыруға болмайды, өйткені мердігерлер халықпен тығыз байланыс орната алмайды.
Қаладағы мұндай шағын жасанды көл үшін бұл тым артық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ "Алматыны дамыту экологиялық қорының" директоры Сергей Васильев су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын ушығып бара жатқанын атап өтті. Бұл тек Қарасуға ғана қатысты емес. Бұл туралы бүкіл Орталық Азияда айтылып жатыр. Осы тұрғыда кез келген су көзін көздің қарашығындай сақтау қажет.
"Біз қоғамдық қор ретінде жұмысымызды жалғастырып, әкімдік, Алматыны дамыту орталығы, қоғамдық кеңеспен диалог жүргізіп жатырмыз. Біз судың болу мәселесін - тек Қарасу көлінде ғана емес, Алматының барлық су айдынында - кешенді түрде қарастыруды ұсынамыз. Бұл түрлі ұйымдардың, соның ішінде қоғамдық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың, мамандандырылған ғылыми институттардың, қоғамдастық өкілдерінің күш біріктіруін және Алматының су ресурстарын басқару мәселесін шешуге стратегиялық тұрғыдан келуін талап ететін ауқымды мәселе. Бұған әуежай көлі де, Қарасу да, Сайран да жатады", - дейді Васильев.
Қор директорының пікірінше, бұл тәсіл көлдерге қанша көлемде су келетінін, оның қалай сақталатыны мен қайда кететінін нақты түсінуге мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ осы су айдындарындағы биоәртүрліліктің, яғни жануарлар, жәндіктер мен өсімдіктер әлемінің дамуына назар аударудың маңызы зор.
"Бірақ қазір бұл мәселемен ешкім айналысып жатқан жоқ. Біз әкімдікпен сөйлестік, онда су ресурстарына жауапты басқарма емес, тіпті бөлім ғана бар екен. Олардың жұмысы көбіне арық жүйелеріне, су құбырына және нөсер кәріздеріне бағытталған. Өкінішке қарай, су айдындарының биоәртүрлілігі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығы сияқты аспектілер ол жерде қарастырылмайды", - деп түсіндіреді Сергей Васильев.
Қазіргі уақытта Алматыны дамытудың экологиялық қоры су ресурстарын кешенді басқару бойынша әкімдікпен диалог орната алатын сарапшылар қауымдастығын құру үстінде.
Сергей Васильев әрбір қалалық су айдыны үшін жеке мастер-жоспар әзірленуі тиіс деп санайды, оны экологиялық жүйені тұрақтандыру жоспары деп те атауға болады.
"Қарасу көлі бойынша бізде мұндай жоспардың 90 пайызы дайын. Оны қандай бағытта дамыту керектігін түсінеміз. Биоәртүрліліктің қай түріне басымдық беріп, қандай жан-жануарларға назар аудару қажеттігін білеміз. Біздің ойымызша, мұндай мастер-жоспар әрбір су айдыны үшін жасалуы керек. Қала көлдерінің әрқайсы алдағы 10-15 жылда қалай өмір сүретіні және осы су айдындарын дамытудағы түрлі институттардың рөлі қандай болатыны туралы нақты түсінік болуы тиіс", - дейді эколог.
Сондай-ақ Сергей Васильев таяуда қабылданған Қазақстан Республикасындағы биоәртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдаланудың 2026-2035 жылдарға арналған тұжырымдамасын еске салды. Бұл құжат қалалық су айдындарын қорғалатын табиғи парктер, қорықтар мен ормандармен тең дәрежеде қорғауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Олардың ерекше қорғалатын мәртебесі болмаса да, биоәртүрлілікті сақтауда, әсіресе табиғи аумақтар аз қалалық жағдайда үлкен рөл атқарады. Бұл, әсіресе, жиі айтылып жүрген су дағдарысы кезеңінде өте өзекті.
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Дина Шәріпхан