World News in Kazakh

Шахтинскіде өртенген гараждан жасөспірім өлі табылды, тағы екеуі зардап шекті

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында өрттен 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Тағы екі оқушы күйік шалып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өрт Молодёжная көшесіндегі гараждардың бірінде болған. Алдын ала болжам бойынша, бензин буы тұтанған.

"От шатырдың ағаш қаңқасын, ескі заттар мен нысан ішінде тұрған екі мотоциклді тез шарпыған. Өрттің аумағы 20 шаршы метрге жетті", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар ішінен 2008 жылы туған жасөспірімнің күйген денесін тапты. Кәмелетке толмаған, 2008 және 2009 жылы туған тағы екі баланы жедел жәрдем бригадалары күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді.
Қарағанды облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер гаражда бензин құйған болуы мүмкін. Бір сәтте тез тұтанғыш сұйықтықтың буы ашық от көзінен жалындаған. Өрттің шығуына нақты не себеп болғанын мамандар анықтап жатыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Бұған дейін Қарағанды облысында мотоцикл мінген 17 жастағы жасөспірім 8 жасар қызды қағып өлтіргені хабарланған болатын. Қайғылы оқиға Көкпекті бекетінде болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Читайте на сайте