World News in Kazakh

Алматыдағы Райымбек батыр кесенесін музейге айналдыру жобасы неге тоғыз жылға созылды?

Райымбек батыр кесенесі - Алматыдағы киелі орындардың бірі, жергілікті билік бұл жерді көп жылдан бері үлкен музей кешеніне айналдыруға тырысып келеді.
Әкімдіктің жоспары ауқымды болғанымен, әр кез бір кедергі шығып, жоба мерзімі үнемі шегеріліп келеді. Нәтижесінде, тоғыз жылға созылған жоспарлау мен тендер өткізу кезеңінде жоба құны екі жарым есе өсіп, мемлекеттік бюджеттен миллиондар жұмсалды, бірақ тұрғындар музейді әлі көрген жоқ. Tengrinews.kz реадкциясы тоғыз жыл ішінде әкімдіктің Райымбек батыр кешеніне қатысты жоспарлары қалай өзгергенін және болашақ музей қандай болатынын анықтады.
Кесенеден VR-музейге дейінгі жол
Алматыда Райымбек батыр кесенесі туралы білмейтін тұрғын жоқ шығар. Ол Райымбек даңғылы, 196 а мекенжайында орналасқан. Бұл - төбесінде жарты айы бар, көпқырлы шатыр түрінде салынған ескерткіш. Ішінде батырдың сүйегі қойылған саркофаг бар.
2010 жылы кесене тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілсе, сегіз жылдан кейін ол Алматы музейлер бірлестігінің басқаруына берілді. Ескерткіштің жанында мәрмәрдан жасалған Құран кітабы орнатылған. Кесене ежелден бері зиярат ету орнына айналған, мұнда көпшілік дұға оқуға келеді.
Алайда алматылықтар соңғы кездері кесене маңындағы аумақ жабық тұрғанын байқаған болар:
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бұрын Құран оқығысы келетіндер үшін аумақта бөлек бөлме болатын, қазір бұл мақсатта контейнер орнатылған.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Мұның бәрі Алматы әкімдігінің ескерткіш аумағында мемориалдық-музей кешенін салу жоспарына байланысты. Бұл туралы біздің сауалымызға наурызда мәдениет басқармасы жауап берген болатын.
Ведомство мәліметінше, кешен аумағында жалпы ауданы 873,9 шаршы метр болатын, цокольді қабаты бар бір қабатты ғимарат салынады. Содан кейін заманауи экспозиция құрылып, кешенді толықтай музейге айландыру жұмыстары жүргізіледі.
Ол кезде музейге нақты қандай жәдігерлер қойылатыны белгісіз еді. Әділдік үшін айта кетейік, әкімдік бұл туралы баспасөз хабарламаларын жариялағанымен, оларда егжей-тегжейлі мәліметтен гөрі жалпы ақпарат көбірек болды. Дегенмен болашақ музей келушілері үшін нақты не дайындалып жатқанын, тіпті бұған мемлекеттік бюджеттен қанша миллион жұмсалатынын анықтай алдық.
Райымбек батыр музейі қандай болады?
Виртуалды садақ ату, күш мөлшерін өлшеу және көптеген экран
28 сәуірде мемлекеттік сатып алу порталында Алматы музейлер бірлестігінен тендер пайда болды. Ведомство бұған 179,3 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған. Содан бері бір айға жуық уақыт өтсе де, мемлекеттік сатып алу әлі ойнатылған жоқ - қатысушылардың бірі жеңімпазды негізсіз таңдалды және бюджетке миллиондаған шығын келуі мүмкін деген шағым түсіргендіктен, шешім қаралып жатыр.
Техникалық сипаттамаға сүйенсек, әңгіме Райымбек батыр мемориалдық-музей кешені үшін интерактивті жәдігерлер жасау туралы болып отыр. Сипаттама бойынша, билік музейді ерекше стильде жабдықтауды ұйғарған.
Мәселен, Алматы әкімдігіне қарасты мекеме болашақ музейде ортағасырлық атыс алаңының реконструкциясын орналастырмақшы. Бұл ортағасырлық бекіністің ішкі ауласы стиліндегі иммерсивті зал болады. Тастан қаланған қабырғалар, аркалар, тіпті мұнаралар - барлық көрініс көне заман атмосферасын беру үшін қолдан жасалады. Сондай-ақ онда садақ атуға арналған ағаш нысаналар, бөшкелер мен арбалар қойылады.
Бұдан бөлек, мұражай қонақтарына VR-садақтан ату ұсынылады. Олардың саны бесеу болады. Садақтар виртуалды шындық гарнитурасымен (құжат бойынша, қол қозғалысын контроллерсіз бақылай алатын VR-шлемдер) бірге жұмыс істеп, адырнаның нақты қарсыласу күшін имитациялайды.
Ал күшін дәстүрлі әдіспен көрсеткісі келетіндер үшін музейде екі "Соққы күші" интерактивті модулі орнатылады. Сыртқы түрі қазақы ұлттық стильде өрнектелген, жарық диодты дисплейі бар екі метрлік бағана іспеттес. Көшедегі күш өлшегіштерден айырмашылығы - мұнда ұлттық нақышпен безендірілген үлкен балғамен ұру керек болады. Негізінде, бұл ертеде жәрмеңкелерде жиі кездесетін ойын-сауықтың реконструкциясы.
Дегенмен болашақ музейдің жасақталуы мұнымен бітпейді. Жоспар бойынша, тікелей төбеге жеті мөлдір экран орнатылады, олар бастың үстінде цифрлық фреска әсерін беретін, жасанды түрде көнерген 4К-бейнероликтерді көрсетеді. Сонымен қатар, тарихи контентті саусақпен сипау арқылы қарауға мүмкіндік беретін бес сенсорлық киоск орналастырылады. Бұдан бөлек, ұзындығы 15 метрге жуық иілген жарықдиодты экран болады. Ол қабырғаның пішінін қайталап, келушіні жан-жағынан "қамтиды".
Бұнымен біткен жоқ.
Шайқас сәттері, ат мүсіні және "қалқыған" панельдер
Сол күні, 28 сәуірде, Алматы музейлер бірлестігі тағы бір тендер ұйымдастырды, бұл жолы 161,1 миллион теңгеге - "экспозиция құру жөніндегі жұмыстар". Бұл конкурс та дәл сол себеппен әлі аяқталған жоқ - шағымдану сатысында тұр.
Біз қызықты мәліметтерді ашатын техникалық сипаттаманы қайта зерделедік.
VR-ойын-сауықтардан, алып экрандар және бекініс реконструкциясынан бөлек, Райымбек батырдың болашақ мемориалдық-музей кешенінде биіктігі 3,2 метр болатын Райымбек батыр мүсіні, сондай-ақ биіктігі 1,7 метрлік тұлпарының мүсіні орнатылады. Олар жеке тұғырларға қойылады.
Сонымен қатар, ортағасырлық қоршау машинасы - требушеттің ағаш көшірмесі жасалады, оның биіктігі үш метр, ал ұзындығы 4,4 метр болмақ. Оған жасанды түрде қажалған іздер, жарықтар мен шайқас іздері салынады. Мұның бәрі қару шынымен де шайқаста болғандай ежелгі дәуір әсерін беру үшін жасалмақ.
Требушеттің айналасына "шашылып жатқандай" етіп сәндік тас ядролар қойылады. Бірақ машина жұмыс істемейді - бәрі тек көрнекілік үшін.
Сондай-ақ онда Аңырақай шайқасы мен батырлар дәуіріндегі ұстахананы бейнелейтін диорамалар орнатылады. Жоспар бойынша, бұл шыны артындағы өткен шақтың бір сәті болмақ.
Ұзындығы 22 метр болатын зал кеңістігімен де ауқымды жұмыс жүргізу жоспарланған. Қабырға бойымен 12 биік панель орнатылады: олардың бір бөлігі сауытқа ұқсайтын қазақы ою-өрнектермен перфорацияланса, қалғаны ағаш шпоннан жасалады. Олар "қалықтап тұрған" конструкция әсерін береді. Бұдан бөлек, жарықтандырылған және акрил шынысына басылған көптеген ақпараттық панельдер қойылады.
Жалпы алғанда, осы мемлекеттік сатып алуларға қарағанда, Алматы әкімдігіне қарасты мекеме сәулеттік, көркемдік және тарихи шешімдерді ұштастыратын заманауи, мультимедиялық музей кеңістігін құруға 340,5 миллион теңгеден аса қаражат жұмсамақ.
Бұл - тамаша бастама, өйткені қала билігінің мәлімдеуінше, Алматы музейлері жергілікті тұрғындар арасында үлкен танымалдылыққа ие бола бастады, сондықтан оларды жаңарту қажет.
Дегенмен әкімдіктің Райымбек батыр кесенесін реконструкциялауға тырысып жатқанына көптеген жыл болғаны назар аудартады.
Тоғыз жылға созылған (басталмаған) құрылыстың тарихы
Бұл оқиға 2017 жылы, Райымбек батыр кесенесі Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өткен кезде басталды. Сол кезде билік Қазақстанда алғаш рет ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізіп, сәл кейінірек бұл аумақта нысандардың тұтас тобын құруды жоспарлады. Оның құрамына кесене кешенінің өзі, музей, мешіт, екі түнеу орны және т.б. кіруі тиіс еді.
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Осы жоспарға сәйкес, 2018 жылғы 30 наурызда Алматының мәдениет басқармасы мемориалдық кешен құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеуге 16,5 миллион теңгеге тендер жариялады.
Бұл мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшартқа 18 шілдеде қол қойылды. Өнім беруші ретінде "AB Development 21" ЖШС таңдалып, сома 11,5 миллион теңгеге дейін төмендеді. Жоспар бойынша ЖСҚ 2018 жылғы 25 қыркүйекке дейін әзірленуі тиіс еді, бірақ іс жүзінде келісімшарт 2019 жылғы 11 қаңтарда орындалды. Соған қарамастан, жұмыстар орындалды деп есептеліп, орындаушыға толық сома төленді.
Көп ұзамай, 2019 жылғы сәуірде Райымбек батыр кесенесінің Боралдай сақ қорғандарымен, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйімен, бұрынғы Үкімет үйімен (ҚБТУ) және т.б. нысандармен бірге республикалық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгені туралы ақпарат шықты. Сол кезде билік мемориалдық-музей кешенін салу жоспарын қайта еске алып, мынаны хабарлады:

"Аумаққа геологиялық зерттеу жүргізілді, жобаны әзірлеуге сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынды, кешеннің эскиздік жобасы мен макеті бекітілді. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр".

Мұнда қарама-қайшылық туындайды. Мәдениет басқармасы ЖСҚ әзірлемесін қаңтарда-ақ қабылдап қойған, ал сәуірде оның әлі дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Бірақ мұны құжатты пысықтау, өзгерістер енгізу және басқа да бюрократиялық жайттармен түсіндіруге болар. Қызығы басқада. ЖСҚ әзірлеу туралы келісімшарт орындалғаннан кейін, музей кешенінің құрылысына арналған тендер 2019 жылы да, 2020 жылы да жарияланған жоқ.
Музей кешенінің құрылысы туралы жаңа ақпарат тек 2021 жылдың желтоқсанында пайда болды. Ол кезде Экология және қоршаған орта басқармасының сайтында кешен құрылысына қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру жарияланды. Сондай-ақ жобалық құжаттама да орналастырылды - жаңа жоспарларға сәйкес, музейді 2022 жылға дейін, бірақ жеке қаражат есебінен тұрғызу көзделген болатын.
Алайда белгісіз себептермен билік жобаны қала бюджеті есебінен бастауды ұйғарды. Осылайша, 2022 жылғы 8 тамызда мемлекеттік сатып алу порталында "Райымбек батыр" мемориалдық кешенін салуға 451 миллион теңгеге конкурс туралы хабарландыру шықты. "ШАХ" құрылыс компаниясымен келісімшарт жасалғаннан кейін сома 428,5 миллион теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар "RoyalCompany" ЖШС-мен техникалық қадағалау бойынша 13,1 миллион теңгеге тағы бір келісімге қол қойылды.
Осы келісімшартқа сәйкес, жұмыстар 2023 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс еді, бірақ тағы бірдеңе кедергі болды.
Мәселе мынада, 2022 жылғы 7 желтоқсанда жасалған бұл келісімшарт әлі де "қолданыста" деген мәртебеге ие. Ал "ШАХ" компаниясына жалпы сомманың тек 52,2 миллион теңгесі төленген. Техникалық қадағалау бойынша келісімшарттың жағдайы да осындай. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, "RoyalCompany" компаниясына мүлдем ақша төленбеген, бірақ келісімшарт әлі де "қолданыста" деп тұр.
Жағдай 2023 жылдың желтоқсанында белгілі болды - Арман Қырықбаев (сол кездегі Алматы әкімінің орынбасары) Райымбек батыр музей кешенін Алматыны дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында ашылуы жоспарланған нысандар тізіміне қосты. Осылайша, мерзім екі жылға шегерілгенін түсінуге болады.
Бірақ бұл жоспар да іске аспады. 2024 жылдың қыркүйегінде Алматы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова пресс-тур кезінде журналистерге Райымбек батыр кесенесі жанындағы Қазақ батырлары тарихы музейінің құрылысын тек 2025 жылы бастау жоспарланып отырғанын айтты.
Сондай-ақ ол бұл жобаның 2016–2017 жылдары әзірленіп, бірнеше рет кейінге қалдырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар Сағындықова бұл музей бойынша эскиздік жобалар, жобалау-сметалық құжаттама дайын екенін, сондай-ақ мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын айтып, баспасөзді сендірді. Осылайша Алматы билігі жаңа, соңғы делінген жоспарды ұстана бастады.
Осылайша 2025 жылғы мамырда қалалық құрылыс басқармасы мемориалдық кешен құрылысы бойынша "ЕНБЕК" ЖШС-мен 1,1 миллиард теңгеге келісімшартқа қол қояды. Ал қосымша техникалық қадағалау жүргізу үшін "Amanat Expert KZ" компаниясымен 22,9 миллион теңгеге келісімшарт жасасады.
Демек, егер 2022 жылы құрылыс пен техникалық қадағалау құны бюджетке 441,6 миллион теңге болса, үш жылдан кейін бұл сома 2,5 еседен аса өскен.
Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу сайтына сүйенсек, бұрынғы мердігерге іс жүзінде 52,2 миллион теңге төленген. Бірақ неге? Құрылысқа тендерді қайта өткізуге тура келгенін ескерсек, сұрақ туындайды.
Соған қарамастан, құрылыс 2025 жылдың мамырында басталды. Ал қыркүйек айында Дархан Сатыбалды тіпті реконструкция барысын тексеруге келді.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкіміне құны миллиард теңгеден асатын жаңа музей кешенінің қандай болатыны көрсетілді.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сатыбалдының өзі мердігерлерге нақты мерзімдер белгіледі.

"Жыл аяғына дейін музей құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын аяқтау қажет. Жұмыс сапалы әрі мерзімінде орындалуы тиіс", - деді қала басшысы 2025 жылдың қыркүйегінде.

Әкімдік тағы да жоспарды ұстанды. Қазанда ведомствоның баспасөз қызметі құрылыстың "биыл аяқталатынын" хабарлады. Бірақ тағы бірдеңе дұрыс болмай, 2025 жылы музей бәрібір ашылмады. Ал биыл қаңтарда әкімдіктің баспасөз қызметі кезекті мәрте былай хабарлады:

"2026 жылы Алматыда заманауи "Райымбек батыр" музей мемориалдық кешені ашылады".

Реконструкция қалай жүріп жатыр?
Салыну мерзімі кем дегенде бес рет шегерілген болашақ Райымбек батыр музей кешенінің қазіргі жағдайын көру қызық болды.
Сол жерде бірден көзге түсетіні - қоршауы. Онда нысанның паспортын, ал паспорттың өзінен тағы бір нәрсені байқауға болады.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Көрсетілген мәліметтерге қарағанда, құрылыс жоспарланғандай мамырда басталған. Ал аяқталу мерзіміне түзету енгізілгені анық байқалады. "Шілде" деген сөзге назар аударыңыз, ол бастапқыда нысан паспортына жазылмағаны көрініп тұр. Мұның өз себебі бар.
Былтыр қазанда БАҚ қалалық әкімдікке сілтеме жасай отырып, бастапқыда құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың мамырында аяқтау жоспарланғанын хабарлады. Бірақ мамыр келгенде, Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мынадай ақпарат таратты:

"2026 жылдың аяғына дейін Райымбек батыр мемориалдық кешенін ашу жоспарланған".

Іс жүзінде соңғы мерзім тағы да кейінге қалды. Сондықтан нысан паспортында "шілде" деген сөз пайда болған көрінеді.
Сондай-ақ құрылыс процесінің өзін тамашалау да қызық, бірақ бұл оңай емес, өйткені аумаққа кіруге болмайды - алаңның кіреберіс есігі ішінен ілгекпен жабылған.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Дегенмен қарсы беттегі төбеге шықсаңыз, бірдеңені көруге болады.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Ал сәл әрірек барсаңыз, қоршалған аумақтың сыртына тасталған құрылыс қоқыстарының үйіндісіне тап боласыз.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Осы кадрлардан-ақ мемориалдық-музей кешенінің құрылысы әлі аяталмайтынын түсінуге болады.
Бірақ процесті егжей-тегжейлі көре алдық. Ғимараттардың шатырлары әлі жабылмаған, қабырғалардың тек бір бөлігі ғана плиткамен қапталған, ал болашақ келушілерге арналған жолдар әзірге мүлдем жоқ, оның себебі де түсінікті.

Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сондай-ақ 2018 жылдан бері кесене жанында қызмет етіп келе жатқан жергілікті имаммен тілдесе алдық.
Оның айтуынша, әкім Дархан Сатыбалды реконструкция барысын тексеруге келгенде, алдын ала нәтиже көңілінен шықпаған. Құрылыс салушыға жұмысты қайта істеуге тура келді. Мүмкін, мерзімнің кезекті рет шегерілуіне осы жағдай себеп болған шығар.

"Түсінесіз бе, бұл жай ғана реконструкция емес, бұл - ауқымды құрылыс. Кесененің өзін жаңартумен қатар, мұнда үлкен заманауи музей болады. Қорытынды нәтиже тамаша болады деп ойлаймын, мұнда тек Құран бағыштаушылар ғана емес, туристер мен қала қонақтары да келеді. Бірақ, естуімше, қаланың өзге жерлеріндегідей музейге кіру ақылы болады", - дейді имам өз ойымен бөлісіп.

Осы жағдайдың бәрінен онша жағымды емес қорытынды шығаруға болады.
Кешеннің ашылу мерзімі осымен бес рет шегерілді, ал жоба құны осы уақыт ішінде 441 миллион теңгеден 1,1 миллиард теңгеден аса сомаға дейін өсті. Бұған оны мультимедиалық мазмұнмен толықтыруға жұмсалатын қосымша жүздеген миллион теңге кірмейді.
Сонымен қатар, әлі де сұрақтар көп, олардың басым бөлігі қаланың бұған дейінгі барлық әкімшілігіне жолданады: Неге әзірленген ЖСҚ бойынша құрылыс басталмады? Егер тендерлерді қайта өткізуге тура келсе, ескі келісімшарттар бойынша бөлінген миллиондар қайда кетті? Жоба басталғаннан бері бірнеше жыл өтсе де, ол неге әлі аяқталар емес?
Бұл жолы жобаны 2026 жылдың аяғына қарай аяқтауға уәде беріп отыр.
Авторы: Александр Григорянц  
Дайындаған: Дина Шәріпхан
Тағы оқыңыз:
Қарасу мысалындағы су тапшылығы. Алматы көлдеріне қандай қауіп бар?
Күштеп көшірілген ауыл, ескі қорымдар: жұрт біле бермейтін Астана

Читайте на сайте