Алматыдағы ауруханада медицина қызметкері мен пациент арасындағы төбелес видеоға түсіп қалды
Алматыда медицина қызметкері мен пациенттің төбелесі бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде тараған видеода медициналық мекеме қабырғасында екі әйелдің төбелесі бейнеленген. Олардың бірі медициналық форма киген.
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, оқиға 31 мамырға қараған түні Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында болған.
Бейнекамера жазбасынан қолына бала ұстаған әйелдің медицина қызметкеріне жақындағанын көруге болады. Әйелдер өзара сөйлесіп, айналадағылардың назарын аударады, кейін сөз таласы төбелеске ұласады. Дәлізде жиналған жұрт оларды ажыратады, бірақ көп ұзамай жанжал қайта өршиді.
Полиция пікірі
Алматы полиция департаменті жанжалдасқан екі тарап та арыз түсіргенін хабарлады.
"Аталған факт бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерттеледі, әр тараптың іс-әрекетіне заңнамаға сәйкес объективті құқықтық баға беріледі", - деп хабарлады ведомство.
Полиция азаматтарды туындаған даулы мәселелерді тек құқық аясында шешуге, әсіресе қоғамдық орындарда жанжалдың өршуіне жол бермеуге шақырды.
Бұған дейін Екібастұзда пациенттің мас күйде болған екі досы қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Жарақат алған дәрігерлер ауруханаға жатқызылды, ал күдіктілерді полиция ұстады
Еске сала кетейік, 7 наурызда Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олар медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қорқыту үшін жазаны қатаңдатуды көздейді. Заң медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау фактілері жиілеп кеткеннен кейін қабылданды.