World News in Kazakh

Ақтөбеде пакеттен табылған нәрестеге Батыр есімі берілді

Ақтөбеде көшеден пакетке салынған күйінде табылған нәрестені сәбилер үйіне ауыстыруға дайындап жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазір нәресте балалар ауруханасында жатыр. Ауруханаға түскен кезде оның салмағы 2 келі 900 грамм болса, бүгінде 3 келіден асты. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы әлі де орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланғанымен, барлық талдау нәтижесі қалыпқа келген.

"Баланың дене салмағы жас нормаларына сәйкес артып келеді. Қазіргі уақытта қорғаншылық органдары мен полиция өкілдерімен бірлесіп, қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Барлық процедура аяқталғаннан кейін бала "Үміт" балалар үйіне жіберіледі", - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова.

Сәбиге Батыр есімі берілген.
Еске салсақ, нәресте 23 мамырда Ақтөбе шетіндегі ағаш түбінен табылған болатын. Баланы құрбысымен серуендеп жүрген мектеп оқушысы байқап қалған. Қыздар бастапқыда қара пакеттің ішінде марғау жатыр деп ойлаған. Бірақ жақын барып қарағанда, оның нәресте екенін түсінген. Сәбидің анасы әлі табылған жоқ.

Читайте на сайте