World News in Kazakh

“Жерді басып алып, шұңқыр қазды“: Алматы облысында тұрғындар Панфилов дивизиясы ескерткіші маңындағы құрылысқа шағымданды

Талғар ауданы Белбұлақ ауылының тұрғындары Панфилов дивизиясына арналған ескерткіштің жанындағы құрылысқа шағымданды. Олардың айтуынша, кәсіпкер мемлекеттік жерді басып алып, шұңқыр қазған және тұрақ салу үшін ағаштарды кесіп тастаған. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын аудандық әкімдіктен анықтап көрді.
"Жергілікті тұрғындардың зәресі ұшты": не болып жатыр?
Жергілікті тұрғынның жазбасы Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Жазба авторы Белбұлақ ауылында маңызды тарихи нысан – генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына арналған ескерткіш бар екенін айтты.

"Мұнда Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш орналасқан, онда: "Осында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Отан үшін шайқаста даңқы шыққан генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизия құрылды" деп жазылған. Ескерткіштің айналасында көпжылдық ағаштар өсіп тұр", - делінген жазбада.

Жарияланым авторының сөзінше, ауыл тұрғындары жылдар бойы мемориалды күтіп-баптап келген: гүл егіп, қоршауын сырлап, тәртіп орнатқан. Алайда қазір, олардың айтуынша, аумаққа қауіп төніп тұр.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, ескерткіштің артында қараусыз қалған әмбебап дүкен орналасқан.

"Жанында көрші тұратын адамдарға арналған жол болатын, ол тасжолға шығатын. Ол әмбебап дүкеннің алдына тұрақ керек деп ұйғарыпты. Осыдан бірнеше апта бұрын құрылысты бастап кетті. Мемлекетке тиесілі жерді басып алып, шағын шұңқыр қазды, сондай-ақ ескерткіш жанындағы бірнеше ағашты кесіп тастады, көрші үйге кіретін жолды жауып, өтуге мүмкіндік қалдырмады. Жергілікті тұрғындардың зәресі ұшты. Олар арыз жазды, бірақ әзірге ештеңе шешілмей жатыр", – деп жазды тұрғын.

Тұрғындардың суреті/Threads
Әкімдік не дейді?
Tengrinews.kz реадакциясы пікір алу үшін Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігіне жүгінді.
Ведомство мәліметінше, Белбұлақ ауылдық округінің билігі уәкілетті органдармен бірлесіп оқиға орнында тексеру жүргізген.
Кәсіпкердің Панфилов дивизиясына арналған ескерткіш қою үшін бөлінген учаскеде рұқсат құжаттарынсыз жер жұмыстарын жүргізгені анықталды.

"Аталған факт бойынша тұрғындар полиция органдарына арыз түсірді. Көрсетілген аумақта қандай да бір жұмыстарды жүргізуге болмайтыны туралы түсіндіру жұмыстарына қарамастан, меншік иесі жұмысын жалғастырды, осыған байланысты процестік шешім қабылдау үшін материалдар Талғар аудандық полиция басқармасына жолданды", – деп мәлімдеді әкімдіктегілер.

Фото: Талғар ауданы әкімдігі ұсынды
Фото: Талғар ауданы әкімдігі ұсынды
Әкімдік жағдай әкімшілік пен полицияның бақылауында екенін айтты.

"Жер учаскесінің иесімен аумақты тиісті деңгейде күтіп ұстау мәселесі бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді, оның қорытындысы бойынша ол учаскені абаттандыру жұмыстарын жүргізу міндеттемесін алды. Қосымша қолданыстағы заңнама аясында ден қою шаралары қабылданады", – деп хабарлады әкімдік.

Tengrinews.kz редакциясы оқиғаны әрі қарай бақылайды.

Читайте на сайте