World News in Kazakh

Қазақстанда несиелер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелер өзгереді

Қазақстанда кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелер базалық мөлшерлеме мен инфляцияның төмендеуіне байланысты біртіндеп өзгереді. Бұл туралы брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұлттық банкте өткен брифингте журналистер инфляцияның төмендеуі қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін сұрады.

"Әрине, бұл ауқымды сұрақ. Егер базалық мөлшерлеме бір пайызға төмендесе, бұл әрқайсымыздың өмірімізге бірден әсер ете қоюы екіталай", - деді Сүлейменов.

Бұл ретте ол ақша-кредит саясатындағы өзгерістердің әсері біртіндеп байқалатынын түсіндірді.

"Базалық мөлшерлемеден кейін әдетте бизнес пен халыққа берілетін кредиттер бойынша мөлшерлемелер де өзгереді. Бірақ сонымен қатар депозиттер бойынша да мөлшерлемелер өзгереді. Яғни, экономикадағы ақшаның құны төмендейді", - деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, банктер үшін қаржыландыру құнының төмендеуі болашақта нарықтық жағдайлардың өзгеруіне әкеледі.

"Кредит алғысы келетіндер мөлшерлемелердің ықтимал төмендеуін бірден емес, біртіндеп сезе бастайды. Сондай-ақ депозит иелерінің де табысы біртіндеп азаяды. Бұл - заңдылық, өйткені депозит банктердің қаржыландыру базасын құрайды. Бұл база неғұрлым арзан болса, олар соғұрлым арзан кредит бере алады", - деп түсіндірді ол.

Сүлейменов мөлшерлемені төмендетудің қысқа мерзімді әсері шектеулі екенін, алайда инфляцияның баяулауы негізгі нәтиже болып қала беретінін баса айтты.

"Бір пайыз - бұл жолы оның тиімділігіне қуана қою қиын. Бірақ ең бастысы - біз инфляцияны 12–13 пайыздан 10,4 пайызға дейін төмендетіп жатырмыз. Бұл - шамамен 3 пайыз. Бұл жаман нәтиже емес шығар, бірақ әлі атқарылатын жұмыс өте көп", - деп толықтырды ол.

Еске салайық, Қазақстанда кейінгі екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме төмендетілді
Мөлшерлеме жылдық 18,0 пайыздан +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен 17 пайызға дейін төмендетілді.

Читайте на сайте