Орталық Африкада Эбола жұқтырғандар саны 500-ге жуықтады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Орталық Африкада Эбола вирусын жұқтырғандар саны 500-ге жуықтағанын растады және қазіргі эпидемия бұл ауруды бақылау тарихындағы ең ірі індеттердің біріне айналуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлер жағдай нашарлап бара жатқан аймақта вирустың таралуын тежеуге тырысып жатыр. ДДСҰ бұл жағдайды халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.
"Мұндай ауқымға жетуі әбден мүмкін", - деді Аурулардың өршуін болжау және талдау орталығының директоры Джейсон Ашер қазіргі індеттің ауқымы 2014 жылы Батыс Африкада болған эпидемиямен теңесуі мүмкін бе деген сұраққа жауап бере отырып.
Сенбіде жарияланған кейінгі мәліметінде ДДСҰ Эбола індетін ресми түрде үш апта бұрын жарияланған Конго Демократиялық Республикасында 452 адам жұқтырып, оның ішінде 82 адамның көз жұмғанын хабарлады. Көршілес Угандада 19 жағдай тіркеліп, екі адам қайтыс болған.
Екі ел билігі жариялаған мәліметтерге сүйенсек, барлығы 471 адам жұқтырған мен 84 адам қайтыс болған. Бір тәулік ішінде ауру жұқтырғандар саны 100-ге, ал көз жұмғандар 20-ға артқанын көрсетеді.
Эбола вирусының сирек кездесетін Бундибуджо штаммымен байланысты қазіргі індет 15 мамырда КДР-ның солтүстік-шығысында жарияланды, дегенмен вирус біршама уақыт бойы байқалмай таралып келген деп есептеледі. Қазір бұл штаммға қарсы мақұлданған вакциналар немесе емдеу әдістері жоқ.