World News in Kazakh

ЖІӨ және халықтың табысы: Қазақстан экономикасының бүгіні

ЖІӨ өсімі халық табысының артуына әрдайым әсер ете бермейді - неге бұлай болады?
Бұл тақырып төңірегіндегі пікірталас Facebook-тегі қазақстандық сегментте екінші апта бойы жалғасып жатыр, оған Қазақстан премьер-министрінің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұрындық болды.
Ол осы мәселеге қатысты жазба жариялап, оны экономистер, қаржыгерлер және басқа да салалық сарапшылар қызу талқылап жатыр. Осы пікірталастың басты тезистерінің бірін атап өтсек, ол мынадай: "оңай ақша" дәуірі аяқталды, енді әрекет ету керек.
Жұманғарин басқаратын ведомство халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын әзірлеумен айналысты. Министр мамырда мәлімдегені бойынша, олар жұмысты аяқтауға жақын қалған. Таныстырылым өткен айдың аяғына жоспарланған болатын, бірақ енді бағдарлама маусымның басында ұсынылады деп күтіледі.
Экономист Руслан Сұлтанов та бұл талқылауды бақылап отыр және ол Tengrinews.kz авторлық бағанында еліміздің неге біртіндеп "қымбат өмір" дәуіріне қадам басқанын, сондай-ақ мемлекет қана емес, қазақстандықтардың өздері де не істеуі керек екенін түсіндіреді. Әрекет етуге тура келеді.
Қазақстан экономикасының бүгіні
Осыдан он жыл бұрын Қазақстандағы табыс өсімі өмір сүру деңгейінің жақсаруының басты көрсеткіші ретінде қабылданды. Егер жалақы өссе, адамдар автоматты түрде өмір сүру жеңілдейді деп күтетін. Ұзақ уақыт бойы экономикаға деген көзқарас осындай болды: табыс көбейсе - әл-ауқат артады. Алайда кейінгі жылдары Қазақстан мүлдем басқа шынайылыққа - соның ішінде жаһандық деңгейдегі өзгерістерге тап болды, мұнда тек табыстың өсуі қаржылық тұрақтылыққа кепілдік бермейді. Бұл, бәлкім, бүгінде қазақстандық қоғам бастан кешіп жатқан ең күрделі өзгерістердің бірі шығар.
Бұл трансформация біртіндеп әрі байқалмай жүріп жатыр. Адамдар кенеттен оянып, өмірдің айтарлықтай қымбаттағанын түсінетін бір ғана сәт жоқ. Барлығы баяу болады: алдымен дүкендегі чек өседі, содан кейін коммуналдық шығындар ұлғаяды, қызметтер, көлік, жалдау ақысы, білім беру және медицина қымбаттайды. Бір сәтте адам жалақысы жоғары болса да, бос ақшасы бұрынғыдан көп емес, тіпті кейде азырақ екенін байқай бастайды.
Міне, сондықтан табыс көлемі емес, өмір сүру құны көбірек маңызға ие бола бастады.
Макродеңгейде Қазақстан экономикасы кейінгі жылдары шынымен де өсті. 2015 жылдан 2025 жылға дейін еліміздің ЖІӨ-сі 41,2 пайызға, ал халықтың нақты ақшалай табысы 30,7 пайызға артты. Формалды түрде бұл халықтың тұрмысы жақсарғанын білдіреді.
Бірақ іс жүзінде бүгінгі жағдай мынадай: экономикалық өсім қарапайым отбасылар үшін әл-ауқаттың артуы ретінде сезілмей отыр.

Халықтың жан басына шаққандағы атаулы табысы он жыл ішінде 3,8 есеге - 67,3 мың теңгеден 258,9 мың теңгеге дейін өсті.
Бірақ медианалық табыс осы кезеңде айтарлықтай баяу өсті - небары 2,75 есе, яғни 33,9 мыңнан 93 мың теңгеге дейін. Бұл - көпшілік ескере бермейтін өте маңызды көрсеткіш.

Орташа табыс көрсеткіші халықтың шағын тобының жоғары жалақысы есебінен әрдайым бұрмаланады. Ал медианалық табыс қарапайым адам үшін әлдеқайда шынайы бейнені көрсетеді. Дәл осы екі көрсеткіш арасындағы алшақтық ең алаңдатарлық белгілердің біріне айналып барады.
Егер 2015 жылы орташа және медианалық табыс арасындағы айырмашылық шамамен 33,4 мың теңге болса, 2025 жылға қарай ол 122,7 мың теңгеге дейін жетті.
Бұл Қазақстан экономикасының табыстарды бөлу тұрғысынан барған сайын біркелкі болмай бара жатқанын білдіреді. Орташа цифрлар қарапайым үй шаруашылығының нақты мүмкіндіктеріне қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр. Сондықтан бүгінде көптеген адам ресми статистиканың әрдайым тікелей көрсете бермейтін жайын сезініп отыр: экономика шынымен өсіп жатыр, бірақ қалыпты өмір сүру құны одан да жылдам өсіп жатыр.
Тұтынудың жаңа құрылымы
Мұндағы ең сезімтал көрсеткіш - тұтыну құрылымы. Халықтың нақты қаржылық жағдайын ең жақсы көрсететін де осы. Өйткені, сайып келгенде, әл-ауқат жалақының көлемімен емес, негізгі шығындардан кейін қанша бос ақша қалатынымен өлшенеді.
Ал қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығындарының үлесі кейінгі жылдары дамушы экономикаларға тән үрдіспен төмендемей, керісінше өсті. Егер 2015 жылы үй шаруашылықтары шығындарының 44,7 пайызы азық-түлікке жұмсалса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 52,3 пайызға жетті.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Отбасы тамаққа неғұрлым көп ақша жұмсаған сайын, жинақтауға, білім алуға, медицинаға, тұрғын үй сапасын жақсартуға, балаларға инвестиция салуға, демалыс пен қаржылық тұрақтылыққа соғұрлым аз мүмкіндік қалады. Іс жүзінде Қазақстан халықтың едәуір бөлігі "мүмкіндіктер экономикасында" емес, "негізгі шығындарды жабу экономикасында" өмір сүре бастайтын модельге біртіндеп еніп келеді.
Азық-түлік шығындары үлесінің артуы тіпті еліміздің ең ірі және формалды түрде ең ауқатты қалаларында байқалуы - ерекше назар аударарлық жайт.

Алматыда азық-түлік шығындарының үлесі 42,2 пайыздан 51,9 пайызға дейін өсті.
Астанада - 39,1 пайыздан 49,9 пайызға дейін.

Әдетте ірі қалалар экономикалық өсімнің алғашқы бенефициарларына айналады. Алайда бүгінде тіпті мегаполистерде өмір сүру құны қаржылық тұрақтылыққа қарағанда жылдамырақ өсе бастады. Сонымен қатар, жекелеген өңірлердегі жағдай бұдан да күрделірек көрінеді.

Жетісу облысында азық-түлікке жұмсалатын шығындар үлесі 61 пайызға жетті.
Түркістан облысында - 58,6 пайыз.
Ал Шымкентте - 56,6 пайыз.

Бұл халықтың басым бөлігі капитал жинау мен дамуға емес, негізгі қажеттіліктерді өтеуге көбірек ден қойып жатқанын білдіреді. Қымбат өмір дәуірінің басты қаупі де осы жерде туындайды. Ол қоғамның мінез-құлық моделін біртіндеп өзгерте бастайды: табыстың көп бөлігі азық-түлікке кеткенде, адамдар аз жинақтайды, өз дамуына аз инвестиция салады, біліктілігін сирек өзгертеді, несиеге жиі жүгінеді, мемлекетке және трансферттерге көбірек тәуелді болады және экономикалық соққыларға төтеп беру қабілеті төмендейді.
Қазақстандықтар табысының жаңа құрылымы
Сондықтан қымбат өмір тек әлеуметтік мәселе емес, экономиканың болашақ өнімділігінің де мәселесіне айналып жатыр.
Бұл әсіресе халық табысы құрылымының өзгерісінен айқын көрінеді.
2015 жылдан 2025 жылға дейін халық табысының құрылымындағы еңбек табысының үлесі 80,1 пайыздан 74,9 пайызға дейін төмендеді, ал әлеуметтік трансферттер үлесі 16,6 пайыздан 21,2 пайызға дейін өсті. Бұл бетбұрыс экономиканың тұрақты нарықтық табыс құру қабілетінің әлсірегенін және мемлекеттік механизмдер арқылы қайта бөлуге көбірек арқа сүйейтінін көрсетеді.
Алматыдағы жағдай бұған айқын мысал. Елдің ірі қаласында еңбек табысының үлесі 84,9 пайыздан 70,7 пайызға дейін төмендеп, трансферттер үлесі 25,8 пайызға дейін өсті.
Жаңа инфляция
Яғни, тіпті ірі экономикалық орталықтарда да халықтың қайта бөлудің түрлі нысандарына тәуелділігі артып келеді.
Сонымен қатар, инфляцияның өзі жай ғана бағаның өсуінен әлдеқайда күрделі құбылысқа айналып барады.
Бүгінде инфляция - тек макроэкономикалық көрсеткіш емес. Бұл қалыпты өмір сүру мүмкіндігінің біртіндеп тарылуы.
Азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге, жалдау ақысына, көлікке және негізгі сервистерге баға өскенде, адамдар тек ақшасын ғана жоғалтпайды. Олар мүмкіндіктерін жоғалта бастайды. Сондықтан инфляциямен күрес бүгінде тек Ұлттық банктің немесе үкіметтің міндеті емес, орта таптың тұрақтылығын сақтау міндетіне айналып отыр.
Инфляция ең байларға немесе ең кедейлерге емес, ең алдымен ақша жинауға, жоспарлауға, балаларының біліміне инвестиция салуға және жеке капитал құруға тырысатындарға қатты соққы болып тиеді.
Мемлекет дамуының жаңа басымдықтары
Осы орайда Қазақстанның бүкіл экономикалық саясаты үшін ең маңызды сұрақтардың бірі туындайды: дамудың келесі кезеңінің басты басымдығы не болуы керек?
Енді тек әлеуметтік төлемдер, трансферттер немесе бағаны уақытша ұстап тұрумен мәселені шешу мүмкін емес. Бюджет шығыстарын арттыру арқылы инфляцияның орнын шексіз өтеу де мүмкін емес. Бұл тек қысқа мерзімді жеңілдік береді, бірақ мәселенің түпкі себебін жоймайды. Табыстың тұрақты өсуінің басты қайнар көзі - еңбек өнімділігі.
Бұл ретте Қазақстан экономикасының ұзақ уақыт бойы негізінен шикізат секторы, мемлекеттік шығыстар, құрылыс, тұтыну және несиелеу есебінен өскенімен бетпе-бет келіп отыр. Бірақ қымбат өмір дәуірі мүлдем басқа модельді талап етеді. Ол бір қызметкерге шаққанда көбірек құн өндіре алатын экономиканы қажет етеді. Тек өнімділік қана инфляцияны үдетпей, табыстың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.
Жалақыны өнімділік өсімінен жылдамырақ ұзақ уақыт бойы көтеру мүмкін емес.
Егер экономика тиімділікті аз өндірсе, инфляция халықтың табысын нарық оны толықтырып үлгергенше тартып ала бастайды. Сондықтан бүгінде мемлекеттің басты міндеті - жай ғана ЖІӨ өсімі емес, инфляцияны ауыздықтау, бәсекелестікті дамыту, өнімділікті арттыру, инвестициялар үшін жағдай жасау және адами капиталды дамыту.
Инфляциямен күресті көпшілік қабылдайтындай "экономиканы тежеу" деп түсінбеу өте маңызды. Керісінше, тұрақты инфляция - бұл ұзақ мерзімді инвестициялардың, жинақтардың, жоспарлаудың, бизнесті дамытудың, тұрақты несиелеудің және орта тапты қалыптастырудың негізі. Егер халық бір-екі жылдан кейінгі ақшаның құнын түсінуден қалса, экономика тұрақты бола алмайды.
Жаңа экономикалық шындық қазақстандықтардан басқаша мінез-құлықты талап етеді
Сонымен қатар қымбатшылық кезеңі үй шаруашылықтарынан да өзгерістерді талап етеді. Бұл кезеңде табыстың тұрақтылығы жалақы көлеміне барған сайын аз тәуелді болады. Оның орнына дағдылар, икемділік, қайта оқып үйрену қабілеті, қаржылық сауаттылық, шығындарды басқара білу және қосымша табыс көздерін жасау қабілеті маңызды рөл атқара бастайды.
Бұл өте маңызды бетбұрыс. Қазақстан дипломның өзі ғана тұрақтылыққа кепіл бола алмайтын модельге біртіндеп еніп келеді. Өмір бойы бір мамандықпен шектелу табыстың өсуіне кепілдік бермейді. Ал тек бүгінгі тұтынумен өмір сүру әдеті үй шаруашылықтарын инфляция алдында дәрменсіз етеді.
Сондықтан қымбатшылық - бұл тек бағаның өсуі емес. Бұл бүкіл мінез-құлық экономикасының өзгеруі. Адамдар жинаққа, несиеге, білімге, жұмыс сапасына, өзіне инвестиция салуға және қаржылық жоспарлауға басқаша қарай бастайды. Жаңа шындыққа тезірек бейімделген елдер мұндай кезеңдерден әлдеқайда жеңіл өтеді.
Не істеу керек?
Мемлекет тарапынан дұрыс саясат жүргізіліп, үй шаруашылықтарының мінез-құлқы бір мезетте өзгеруі тиіс.

Мемлекет бәсекелестікке, өнімділікке, инвестицияларға, бизнесті дамытуға және тиімділікті арттыруға жағдай жасауы керек.
Бірақ халық та біртіндеп тек тұтынуға негізделген өмір салтынан, трансферттерге тәуелділіктен және тек қысқа мерзімді табыстарға ғана бағдар ұстанудан арылуы қажет.

Мәселе мынада, қымбатшылық дәуірі адами капиталдың сапасы үшін күресті еріксіз күшейтеді. Біліктілігі жоғары, икемді, өнімді және қаржылық сауатты адамдар жеңіске жетеді.
Дәл сондықтан Қазақстан дамуының келесі кезеңі тек мұнайға, бюджетке немесе мемлекеттік шығындарға ғана байланысты болмайды. Ол елдің инфляцияны тежеу, өнімдірек экономика құру, адами капиталдың сапасын арттыру және халықтың қарапайым тұтыну моделінен ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық моделіне көшуіне көмектесу қабілетіне байланысты болады.
Қымбатшылық кезеңінің басты қаупі - адамдардың көбірек төлей бастауында емес. Қауіп - қоғамның болашаққа деген сенімділік қорынсыз өмір сүруге біртіндеп бой үйретіп алуында. Бүгінде Қазақстан үшін дәл осыған жол бермеу маңызды.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін 
Автор туралы: Руслан Сұлтанов - қазақстандық экономист және макроэкономика, инфляция, сауда және өнеркәсіп саясаты, салық және экономикалық өсім сапасы мәселелеріне маманданған қоғамдық сарапшы. Әр жылдары экономикалық талдау және сауда саясатына қатысты құрылымдарда қызмет еткен: "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-ны басқарды, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасы болды, "Қазақстанның ФармМедИндустриясы" қауымдастығының президенті. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін ("Нархоз") "қаржы және несие" мамандығы бойынша бітірген, сондай-ақ MBA бағдарламалары бойынша білім алған. Қазіргі уақытта Қазақстанның экономикалық күн тәртібіне жүйелі түрде түсініктеме беретін Telegram-каналдың және мамандандырылған басылымдардағы материалдардың авторы ретінде танымал.
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте