World News in Kazakh

Тоқаев бірнеше жаңа заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Бұл құжат арнайы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленгені бұған дейін хабарланған болатын. Өзгерістер қызметке қабылдау, қызмет өткеру және қызметті тоқтату тәртібіне қатысты енгізілді. Құжаттың маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту және еңбек жағдайларын жақсарту шаралары. Бұл алдағы уақытта ведомстволар жұмысының жалпы тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс.

Сондай-ақ Президент "Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды.

Құжатты жүзеге асыру Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалы көлемін арттыруға, көлік дәліздерін дамытуға және еліміздің транзиттік хаб ретіндегі бәсекелестік артықшылықтарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы" заңға қол қойды.

Аталған келісім Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Құжат екі мемлекеттің резиденттері саналатын заңды және жеке тұлғалардың табысына қосарланған салық салуды болдырмауды көздейді.

Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында бес конституциялық заңға қол қойды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте