World News in Kazakh

“Онда вискиді кім ішті?“ - үш адам қаза болған жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісіне өткір сұрақ қойылды

Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты бойынша сотта сотталушы қайғылы жағдайдың алдында не болғанын және қанша алкоголь ішкенін егжей-тегжейлі айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Екі ұрттам"
Жәбірленуші отбасылардың бірінің адвокаты қайғылы оқиға алдындағы кештің мән-жайын нақтылап, сотталушының рөлге отырмас бұрын қанша мөлшерде ішімдік ішкенін сұрады.
Сотталушы сол күні Алматыдағы танымал орындардың біріндегі VIP-кабинада достарымен кездескенін мәлімдеді. Кейіннен олардың ортасына басқа да келушілер қосылған, олардың көбін ол жеке танымаған.

"Бұл жұманың кеші болатын. Біз достарымызбен кешкі ас ішуге жиналдық. Қасымызға басқа да адамдар келіп жатты. Мен олардың бәрін бірдей танымайтынмын. Алкогольдік мас күйде болғаныма келетін болсақ, шынымды айтайын, өзіме сыраға тапсырыс бергенім рас, бірақ екі ұрттам ғана іштім, ол маған ұнамаған соң ары қарай ішкен жоқпын. Баспасөз беттерінде менің мас болып, есімді білмегенім туралы жазылып жатыр. Мен өзім олай санамаймын. Басқа сусындарға келсек, кімнің не ішіп-жегенін бақылаған жоқпын. Тапсырыс беру дерегінің өзі оның ішілгенін білдірмейді", – деп мәлімдеді ол.

Отырыс барысында прокурор жауап алудың "екі ұрттам сыраға" қатысты эпизодына назар аударды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыдан 13 сәуірде алынған айғақтар хаттамасын оқыды. Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін А. П. басқаша айғақ берген: ол кезде шамамен 0,5 литр сыраға тапсырыс беріп, оның 0,3 литрін ішкенін мәлімдеген.

"Бұл – шамамен айтқаным. Бірақ сол бірнеше жұтым ішкенімді жоққа шығармаймын. Дегенмен, мас болдым немесе есімді білмедім деп есептемеймін", – деп түсініктеме берді сотталушы.

Виски, текила және сыра: алкогольді кім ішті?
Прокурор соттың назарын іс материалдарына аударды, оған сәйкес мекемеде жалпы көлемі 800 грамм (әрқайсы 50 грамнан шамамен 16 порция) вискиге тапсырыс берілген. Сондай-ақ ол сотталушы мен куәгерлердің айғақтары арасындағы қайшылықтарды атап өтті.

"Барлық дерлік куәгерден жауап алынды және олар ішімдік ішу дерегін жоққа шығарып жатыр. Іс материалдарында вискиге тапсырыс берілген чек бар – бірден емес, 50 грамнан алынған. Шотты сіз төлегенсіз. Олай болса түсіндіріңізші: сонымен бұл вискиді кім ішті?" – деп сұрады ол.

Сотталушы А. П. / Онлайн отырыстан скриншот
А. П. шотты төлегенін растады, сонымен қатар ол үстел басындағы жағдайды бақыламағанын және ішімдік ішкен нақты адамдарды атай алмайтынын мәлімдеді.

"Кімнің не ішкенін бақылаған жоқпын. Тапсырыс берілгені, оның ішілгенін білдірмейді. Кімнің тапсырыс бергенін немесе бермегенін есіме түсіре алмаймын. Білмеймін", - деді ол.

Прокурор бір адамнан басқа барлық куәгер ішімдік ішкенін жоққа шығарғанын атап өтіп, қайтадан нақтылаушы сұрақ қойды.

"Егер сіз ішпесеңіз, куәгерлер ішпесе, онда бұл вискиді кім ішкен? Сонда даяшы ішкені ме?" – деп сұрады ол.

Сотталушы бұған нақты түсініктеме бере алмайтынын айтып жауап берді.
Фото: Tengrinews.kz
Соттың ішімдік ішкеннен кейін неге рөлге отырғаны туралы сұрағына сотталушы ішілген ішімдік оның пікірінше жағдайына әсер етпегенін мәлімдеді.

"Мен мейрамханадан 21 наурызда түнгі сағат үшке таман шықтым. Ішілген алкоголь мөлшері, яғни 0,3 литр сыра менің жағдайыма әсер еткен жоқ", – деді ол.

Бұған дейін сотта сотталушының таныстарынан жауап алынды, олар сол кеште онымен бірге демалған. Кейбір куәгерлер үлкен үстел басында отырғандарын, А. П.-ның қолынан ішімдік көрмегендерін және өзгелердің бокалдарына назар аудармағандарын айтты.
Жәбірленуші тараптың өкілі мекеменің компанияға берген чегін оқып берді. Онда мынадай тапсырыстар көрсетілген:

виски,
текила,
шарап,
"Апероль" коктейльдері.

Кейбір куәгерлер бұл сусындарды үстел үстінен көргенін растай алмады және өзгенің бокалдарына мән бермегендерін айтты.
Бұған дейін сотта судья сотталушы қайғылы оқиғаға дейін жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы мәліметтерді жариялаған болатын.
Тағы оқыңыз: Алкоголь ішу және жылдамдықты асыру: Әл-Фарабидегі жол апаты ісі бойынша сотталушыға бұрын қандай айыппұлдар салынған?
Zeekr жүргізушісіне қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты атышулы істі Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Анықтама. Бап санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.

"Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.

Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Ресми сараптама қорытындысы бойынша, соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
28 мамырда сотта сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.

"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.

Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда негізгі сот талқылауы басталды. Онда қаза тапқан екі адамның – 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласқандарын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
8 маусымда үшінші марқұмның анасы да осындай ұстанымда болды.
Қаза тапқан 22 жастағы К.-ның анасы 100 миллион теңгеге талап арыз түсірмек болған өкілдерінің қызметінен де бас тартты. 11 маусымда 29 жастағы Е.-нің отбасы да өкілдер қызметінен бас тартқаны белгілі болды.
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте тараптардың татуласуы адам өліміне әкеп соққан жол апаты ісінің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына жол бермейді.
Марқұмдардың жақындарының мәлімдемесі қоғамда қызу пікірталас тудырды. Осыдан кейін Tengrinews.kz тілшісімен байланысқа шыққан 20 жастағы марқұм Т.К.-ның әкесі сотталушыны кешірмейтінін айтып, оның ең қатаң жазаға тартылуын талап ететінін жеткізді.
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында әкесі тоғыз жыл бұрын ажырасқанын, бірақ қызын өзі тәрбиелегенін айтты.

"Бұл әйел менімен ажырасқанына тоғыз жыл болды. Қызымды туғаннан өзім бағып-қағып, киіндіріп, тәрбиелеп, оқыттым. Ол менің тұңғышым. Мен жерлеу рәсімі мен асын өткізумен айналысып жатқанда, ол полицияға барып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, сотқа дейін жетіп үлгеріпті", – деді ол.

Тағы оқыңыз: “Кешірмедім, кешірім бермеймін де“. Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі күтпеген мәлімдеме жасады
Жол апатына қатысты екі қылмыстық іс тоқтатылды
Бұған дейін әл-Фарабидегі жол апаты фактісі бойынша тағы 3 қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда кейін оның екеуі тоқтатылды.
Билікті асыра пайдалану және "ерекше" мемлекеттік нөмірлер беру. 26 наурыздан бастап ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілу мүмкіндігін тергеді. Іс 362-баптың 1-бөлігі – "Билікті асыра пайдалану" бойынша тергелген. Бұл жерде мәселе Zeekr жүргізушісінің 100 QR 02 нөміріне қатысты болуы мүмкін.
Кейін 3 маусымда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" іс тоқтатылғаны белгілі болды.
Жалған айғақ беруге қатысты іс. Бұған дейін тергеу сотталушы қайғылы оқиға алдында бірге болған компанияға қатысты материалдарды жеке іске шығарғаны хабарланған болатын. Олар жалған айғақ берді деп күдіктелген еді. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ тергеуден кейін полиция қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, 2026 жылдың 28 мамырында істі тоқтатты.
ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін нақтылады.
Полицейге қатысты іс
Адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты негізгі істен бөлек, тағы бір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
Қызметтегі әрекетсіздік. Күдікке Алматы Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісі – полиция қызметкері ілінді. Тергеу мәліметінше, оның әрекетсіздігі адам өліміне әкеп соққан жол апатына себеп болуы мүмкін (370-баптың 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік"). Бұл іс бойынша тергеу аяқталды.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.

Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.

Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазір Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған блогер Әділетхан Молдаханмен соттасып жатыр.
Олардың адвокаттарының айтуынша, видеода блогер полицияны жалған нөмір тағып, көліктерінің әйнектерін заңсыз қараңғылатқан жастарды қорғаштайды деп мәлімдеген. Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер жол апатына себеп болуы мүмкін.
Анықтама: Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалжал ақпарат тарату" бойынша айып тағылып отыр.

Тағы оқыңыз: Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: зардап шеккендердің арасында ПД бастығының бұрынғы орынбасары бар

Читайте на сайте