World News in Kazakh

“Анестезиологияның соры“: дәрігер шұғыл оталар кезіндегі қауіптер туралы айтып берді

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың арасында хирургтар мен анестезиологтардың пациент наркоз алдында тамақ ішіп немесе су ішіп үлгерген жағдайда шұғыл оталарды қалай жасайтыны туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Шын мәнінде қандай алгоритм бар және қауіпсіздікке неге жүз пайыз кепілдік берілмейтінін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.
Асқазан толы кезде наркоз алудың қаупі қандай және аспирация дегеніміз не?
Тоя тамақ ішкеннен кейін шұғыл ота жасату - өмірге үлкен қауіп төндіреді, өйткені адам наркоз астында болғанда, асқазандағы заттар (тамақ немесе сусын) еріксіз ауыз қуысына, содан кейін өкпеге түсіп кетуі мүмкін.
Аспирация - сирек кездесетін, бірақ өкпенің зақымдануына және тыныс алу проблемаларына әкелетін өте қауіпті асқыну. Бұл асқыну өлімге әкелуі мүмкін деп саналады, бірақ аспирация жиі бола бермейді және адам оның салдарынан әрдайым көз жұмбайды.
Біреулер аспирация қаупі негізгі аурудан болатын өлім қаупінен төмен деп есептесе, екіншілері бұл мәселені кәдімгі назогастральды зонд шешеді деп мәлімдейді. Бұл - асқазандағы заттарды шығарып алу үшін мұрын мен өңеш арқылы енгізілетін жіңішке иілімді түтік.
Анестезиолог-дәрігер Вадим Чурсин түсіндіргендей: адам есін білетін кезде оның сфинктерлері жұмыс істеп, тамақты іште ұстап тұрады. Бірақ пациентке наркозға арналған препараттар егілген бойда бұлшықеттер босаңсып, асқазандағы заттар ауыз қуысына түсуі мүмкін.
Анықтама: сфинктер - бұл клапан сияқты жұмыс істейтін: қандай да бір органдағы өту жолын ашатын немесе жабатын шеңберлі бұлшықет.
Мұндай жағдайда асқазандағы заттар ауыз-жұтқыншаққа, одан әрі тыныс алу жолдарына ағып кетуі мүмкін, бұл аспирацияға әкеп соқтырады.

"Аспирация өмір үшін өте қауіпті, әсіресе шұғыл араласу кезінде. Бұл - анестезиологияның басты қасіреттерінің бірі", - дейді маман.

Анықтама: Вадим Чурсин - медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, анестезиолог-дәрігер, Алматы қаласындағы С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің №2 анестезиология және реаниматология кафедрасының меңгерушісі.
Дәрігердің айтуынша, аспирацияның ең қауіпті салдарының бірі - өкпенің химиялық күйігі.
Чурсиннің сөзінше, бұл өкпеге құрамында тұз қышқылы бар асқазан сөлі түскенде, тіпті одан да жаманы, ішек өтімсіздігі кезінде өтке және ас қорыту ферменттеріне толы ішек құрамы түскенде пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тыныс алу мүшелерінің тіндері ауыр зақымданады.
Зонд қашан қойылады, ал қашан кейінге қалдырылады?
Наркоз алдында тамақ ішіп немесе су ішіп үлгерген немесе ішек өтімсіздігі салдарынан тамақ асқазаннан кетпей жатқан пациенттерге шұғыл ота қалай жасалады?
Вадим Чурсин Қазақстанның нормативтік базасында мұндай пациенттерді емдеу тактикасы нақты регламенттелмегенін айтады. Сондықтан анестезиологтар арнайы әлемдік әдебиеттердегі ұсыныстарға сүйенеді. Мұнда нәзік тұстар көп, өйткені әлемдік медициналық қоғамдастықта нені және қалай жасау керектігі туралы ортақ пікір жоқ.
Мысалы, егер ота құрсақ қуысы мүшелеріне шұғыл көрсеткіштер бойынша жасалса (айталық, соқыр ішек немесе перитонит кезінде), онда дайындыққа әдетте екіден төрт сағатқа дейін уақыт беріледі.
Осы уақыт ішінде, әдетте, жүз пайызға жуық жағдайда ересектерге зонд салынып, асқазаны босатылады немесе жуылады. Сондай-ақ асқыну қаупін азайту үшін басқа да шаралар жасалады.
Бірақ бұл да толық кепілдік бермейді.

"Бұл, мысалы, перитонит немесе ішек өтімсіздігі кезінде - асқазанды тазартқанның өзінде - ішектен асқазанға бірнеше секунд ішінде қайтадан бірдеңе түсіп кетуі мүмкін екендігімен байланысты", - деп атап өтті маман.

Егер шұғыл ота ішке емес, мәселен, сынған қол немесе аяққа қажет болса, тактика өзгереді. Мұндай науқастарды қабылдау бөлімінен бірден ота үстеліне алмайды - отаны екі-үш сағатқа кейінге қалдырады.
Осы уақыт ішінде пациент қосымша тексеруден өтеді, ал тамақ табиғи түрде әрі қарай жылжып үлгереді. Ондайда зонд қолданылмайды.
Дәрігердің айтуынша, тексерусіз ота тек өмірге қауіп төнген жағдайда ғана - мысалы, қатты қан кеткенде басталуы мүмкін.
Қалған жағдайларда дәрігерлердің толыққанды дайындыққа уақыты болады: анамнез жинау, пациентті тексеру, сондай-ақ қажетті зерттеулер - талдаулар, рентген, УДЗ және басқаларын жүргізу.
Наркозбен жасалатын жоспарлы ота алдында не ішіп-жеуге болады?
Егер ота жоспарлы болса, пациент оған алдын ала - әдетте бір күн бұрын дайындалады. Адамға ота алдында қашан және нені ішіп-жеуге болатыны егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Спикердің айтуынша, әдетте, соңғы рет тамақтануға бір күн бұрын кешке рұқсат етіледі. Бұл ретте жеңіл тамақ ұсынылады. Отаға дейін сегіз сағаттан аз уақыт қалса, қатты тамақ ішу қауіпті. Ал екі сағат бұрын су ішуге болады.

"Тіпті жоспарлы оталар кезінде де мен пациенттерге мынадай кеңес беремін: егер ота таңғы сағат 8-ге жоспарланса, қатты ашықпау үшін сағат 6-да тұрып, жарты стақан тәтті шай ішіп алған дұрыс", - дейді маман.

Бұған қоса Вадим Чурсин мынаны айтады: адам аш болса да, тамақтың иісін сезіп, өзгелердің таңғы ас ішіп жатқанын көргенде, бәрібір асқазан сөлі бөлінеді.

"Ал егер ол шай ішсе, сұйықтық асқазанға түседі де, жиналып қалған асқазан сөлі "сұйылып, жуылып кетеді" және ішінара ішекке қарай жылжиды, бұл асқыну қаупін азайтады", - деп атап өтті ол.

Егер науқас ота алдындағы дайындық режимін бұзса, мысалы, таңертең ботқа жеп қойса, отаны әдетте бірнеше сағатқа кейінге шегереді. Осы уақыт ішінде тамақ асқазан-ішек жолдарымен әрі қарай жылжып үлгереді, бұл да асқыну қаупін төмендетеді.
Арықтауға арналған препараттарды қабылдайтын пациенттерге төнетін қауіптер
Дәрігерлер құрамында семаглутид бар танымал арықтау препараттарын қабылдайтындарға ерекше қырағылық танытады, өйткені бұл заттар асқазан-ішек жолдарының жұмыс істеу жылдамдығын өзгертеді.

"Бұл препараттар тағамның асқазаннан шығуын айтарлықтай баяулатады. Егер сау адамда бір стақан су ішекке бір сағатта өтсе, семаглутид қабылдаған кезде бұл процесс ұзаққа созылады", - дейді анестезиолог.

Нәтижесінде тәбет төмендегенімен, асқазан ұзақ уақыт толы болып тұрады, бұл мұндай пациенттерде наркоз кезіндегі аспирация қаупін арттырады, деп түйіндеді дәрігер.
Бұған дейін біз қан тапсырмақ болған алматылық келіншектің арықтауға арналған танымал препаратты қабылдағаны үшін донорлықтан бас тартылғаны туралы жазған болатынбыз. Бұл жағдай оның наразылығын тудырған еді. Ол мұндай шектеу туралы ешқандай ақпарат таппағанын айтқан.

Читайте на сайте