World News in Kazakh

КҚК-да тағы бір танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады: Қазақстан Энергетика министрлігінің мәлімдемесі

20 шілдеге қараған түні Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында жүк тиеліп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Шабуыл салдарынан кемеде өрт шықты. Энергетика министрлігі мәліметінше, тілсіз жау жедел сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ, мұнайдың төгілуіне жол берілмеді.

"Қазіргі уақытта кеменің техникалық жағдайы мен оқиға салдарына бағалау жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Каспий құбыр желісі консорциумымен тұрақты байланыста", - деп хабарлады ведомство.

КҚК не дейді?
КҚК баспасөз қызметі NELSA танкерінің ҚТҚ-1 қашықтықтан тиеу құрылғысында болғанын нақтылады. Дрон оң жақ борттың артқы бөлігіне - қондырма мен машина-қазандық бөлімі арасына түскен.
Өрт танкердің палубасы мен бөліктерінде тұтанған. Оны бірнеше сағат бойы кеменің тиеу бригадалары мен КҚК апаттық қызметтері сөндірген.
Танкердің 22 адамнан тұратын экипажы консорциумның буксирлерімен эвакуацияланды. КҚК ақпараты бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ.
Компания оқиғаны террорлық шабуыл деп атап, бұл шабуыл Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігінің азаматтық кемелерге жасалған бұрынғы шабуылдарды айыптаған мәлімдемелерінен кейін болғанына назар аударды.
Бұған дейінгі шабуылдар?
19 шілдеде КҚК теңіз терминалында ұшқышсыз ұшу аппараттары Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеп жатқан ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне шабуыл жасады. Кемелерде өрт шықты, алайда экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ, сондай-ақ акваторияға мұнайдың төгілуіне жол берілмеді.
Оқиғадан кейін мұнай тиеу уақытша тоқтатылып, 19 шілдеде кешке қайта жанданды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық деп атап, қазақстандық мұнай экспорты үшін пайдаланылатын кемелер мен инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етті.
Сондай-ақ СІМ Қазақстан келтірілген шығынды бағалап жатқанын және халықаралық құқықта қарастырылған өз мүдделерін қорғау тетіктерін, соның ішінде залалды өтеу туралы талаптарды пайдалану құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдеді.
Бұған дейін, 18 шілдеде Энергетика министрлігі КҚК терминалына жақын жерде Nordic Zenith танкеріне жасалған дрон шабуылы туралы хабарлаған болатын. 2026 жылдың қаңтарында да Қара теңізде консорциумның теңіз терминалына бет алған үш танкерге шабуыл жасалған еді.

Читайте на сайте