World News in Kazakh

Тоқаев кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың отбасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері Ардақ Әмірқұловтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.

"Ардақ Әмірқұлов бар саналы ғұмырын кино өнеріне арнап, ұлт мәдениетін ұлықтауға мол үлес қосты. Кәсіби киногер ретінде "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" сияқты тарихи туындыларды таспалап, төл руханиятымыздың алтын қорын байыта білді. Қазақ кинематографиясын өркендету жолында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Соңына рухани мол мұра қалдырған Ардақ Әмірқұловтың иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.


Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері.
1977 жылы педагогикалық институтты, 1988 жылы ВГИК-тің режиссерлік факультетін Сергей Соловьевтің шеберханасында тәмамдаған. 1992 жылдан 2002 жылға дейін "Қазақфильмді" басқарды, сонымен қатар Алматы театр және көркемсурет институтында дәріс беріп, профессор болды. Ардак Әмірқұлов 2026 жылғы 5 тамызда 70 жасында өмірден өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте