World News in Kazakh

Қазақстан блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады

Маха.dxb лақап атымен танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында хабарланды, деп жазады Tengrinews.kz.
Мәліметтерге сәйкес, 26 жастағы Махмуд Хикматовқа биыл наурызда халықаралық іздеу жарияланған. Іздеу салушы орган - Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті.
Махмуд Хикматов. qamqor.gov.kz сайтынан алынған скриншот
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Хикматов SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалады деп күдіктелген.

"Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз интернет-казино интерфейсін ұсыну, ақшалай қаражатты қабылдау және төлеу (эквайринг, мобильді коммерция, криптовалюта), сондай-ақ ел азаматтары арасынан көбірек ойыншы тарту мақсатында жарнама жасаудың тұрақты схемасы жұмыс істеген", - деп хабарлады ҚМА.

Интернет-казиноларды ілгерілету мақсатында ұйымдастырушылар блогер М.У. Хикматовты тартқан, оған Қазақстан аумағында қызмет ететін инфлюенсерлерді жарнамалық контент орналастыруға тарту рөлі жүктелген. Осы қызмет аясында Хикматов блогерлерден олардың әлеуметтік желілеріндегі статистикалық мәліметтерді, соның ішінде демографияны, оқырмандардың географиясын, сондай-ақ аудиторияны қамту көрсеткіштерін сұратқан, соның негізінде жарнамалық қызметтердің құны айқындалып отырған.
Ол барлығы 35-тен астам блогерді, соның ішінде блогер Қ. Қамзаны тартқан.

"Қ. Қамза кең аудиторияға ие бола отырып, интернет-казиноларға рефералдық сілтемелер орналастырып, пайдаланушылардың әрбір өткені үшін сыйақы ала отырып, Қазақстан Республикасының азаматтарын тыйым салынған ойын қызметіне қатысуға қасақана тартқан", - деп хабарлады ҚМА.

Махмуд Хикматов деген кім?
Махмуд Хикматов - Маха.dxb лақап атымен танымал блогер, Өзбекстан азаматы. Бірнеше жыл бұрын БАҚ-та оның өз денесінен жарнама үшін орын сатып, ол үшін 30 миллион теңге сұрағаны туралы жазылған болатын. Сондай-ақ Хикматовтың поп-MMA жекпе-жектеріне қатысқаны белгілі, ол барлық үш жекпе-жегінде жеңіліске ұшыраған.
Еске сала кетейік, бұған дейін халықаралық іздеуде болған блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған болатын.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың қаңтарында Қайсар Қамза әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі көпшілік аудиториясын заңсыз интернет-казиноны жарнамалау үшін пайдаланған. Бас прокуратураның мәліметінше, интернет-казиноны ілгерілеткені үшін блогердің криптовалюта әмиянына 200 мың долларға жуық қаражат түскен.

Читайте на сайте