World News in Kazakh

“Балаларының жеке мектептегі оқу ақысын төлейді“: әлеуметтік желіде алматылық жоғары оқу орны талқыланып жатыр

Әлеуметтік желіде Алматыдағы М. Тынышпаев атындағы ALT университеті басшылығы балаларының жеке мектептегі оқу ақысын оқу орнының қаржысы есебінен төлегені туралы ақпарат тарап жатыр. Жоғары оқу орны бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желідегі жазба
Танымал әлеуметтік желіде пайдаланушылар мен БАҚ назарын аударған жазба жарияланды.

"Алматылық тұрақты оқырманымыз М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің басшылығы бюджет қаражатын өз балаларының беделді жеке мектептегі оқуына жұмсайтынын айғақтайтын "бухгалтерия құжаттарын" жолдады", - делінген жазбада.

Жарияланым авторлары құқық қорғау органдарын аталған ақпаратты тексеруге шақырды.
Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Tengrinews.kz тілшілері университет әкімшілігіне ресми түсініктеме алу үшін жүгінді.
"Тексеріс басталды"
М. Тынышпаев атындағы ALT университеті жарияланымда көрсетілген материалдарда қол қойылмағанын, мөр басылмағанын және ресми расталған қаржылық құжаттардың өзге де белгілері жоқ екенін мәлімдеді..

"Қазіргі уақытта университет ішкі тексеріс жүргізіп жатыр", - деп хабарлады жоғары оқу орны.

Сондай-ақ баспасөз қызметі университеттің жекеменшік жоғары оқу орны екенін және оның қызметі бірнеше көзден қаржыландырылатынын атап өтті.
ЖОО мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттары аясында бөлінетін қаражаттан бөлек, мекеменің бюджеттен тыс табысы бар. Оған ақылы білім беру қызметтерін көрсетуден, сондай-ақ жарғыда қарастырылған өзге де коммерциялық қызметтен түсетін түсімдер жатады.
Анықтама: ALT университеті (бұрынғы ҚазККА, Логистика және көлік академиясы) Алматыда орналасқан.
Университеттің баспасөз қызметі қазіргі уақытта оқу орнының қолданыстағы лицензиясы бар екенін нақтылады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда тағы екі жоғары оқу орны лицензиясынан айырылуы мүмкін

Читайте на сайте