World News in Kazakh

Қазақстандықтар БАД-тардың түпнұсқа екенін тексере алады

Қазақстанда БАД-тарды (биологиялық белсенді қоспаларды) таңбалау мен қадағалаудың жаңа ережелері бекітілді. Енді өндірушілер мен импорттаушылар ББҚ-ға арнайы сәйкестендіру құралдарын түсіруге міндетті, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
БАД-ты міндетті таңбалау қашан басталады?
Қазақстан аумағында БАД-ты таңбалау және одан әрі қадағалау тәртібін белгілейтін жаңа ережелер Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 3 тамыздағы бұйрығымен бекітілді.
Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң өз күшіне енеді.
Анықтама: Дәрі-дәрмекті таңбалау - бұл препараттың қаптамасына арнайы мәліметтерді (көбінесе бірегей код түрінде) түсіру жүйесі, ол дәрінің өндірушіден пациентке дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді.

Болжам бойынша, таңбалау мыналарға мүмкіндік береді:

БАД-тың заңсыз айналымы мен контрафактілік өнімдер көлемін азайту;
салықтардың жиналымдылығын арттыруға;
нарықта тең бәсекелестік жағдайын жасауға.

ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Сәдубаеваның айтуынша, таңбалау мұндай препараттардың өндірісі мен сатылуының бүкіл циклін қадағалауға мүмкіндік береді. Жаңа ережелер іске қосылғаннан кейін тұтынушылар да арнайы қосымша арқылы бұл ақпаратты тексере алады.
Таңбалауды кім жүргізеді?
Қазақстанда өндірілген БАД үшін таңбалауды өндіруші қамтамасыз етуі тиіс. Егер БАД Қазақстаннан тыс жерде өндірілсе, сәйкестендіруге импорттаушы жауапты болады.
Бұл ретте, міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген өнімдерді жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін таңбалаусыз сатуға болады. Мұндай БАД үшін ерікті түрде таңбалау мүмкіндігі де қарастырылған, делінген құжатта.
Арнайы кодты түсіру үшін сәйкестендіру құралдары қолданылады. Ережелер олардың қолдан жасалудан қорғалу талаптарын белгілейді. Таңбалау тауардың нақты қаптамасына бекітіледі, ал БАД және оның қозғалысы туралы ақпаратты жүйеден қадағалауға болады.

Читайте на сайте