World News in Kazakh

“Шексіз ризамын“: Оңтүстік Корея президенті Тоқаевқа қылмыстық топты ұстауға көмектескені үшін алғыс айтты

Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мен телефон алаяқтығына күдікті топ мүшелерін ұстауға және оларды отанына қайтаруға көмектескені үшін Қазақстанға алғыс айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оңтүстік Корея көшбасшысының айтуынша, күдіктілер бұған дейін Камбоджа мен Вьетнамда әрекет етіп, кейін Қазақстанға ауысып, дауыстық фишингпен айналысуды жалғастырған.
Ли Чжэ Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің рөлін ерекше атап өтті.

"Ұстаудан бастап елге қайтаруға дейінгі бүкіл процестің осыншалықты жылдам жүзеге асуы Қазақстан Президенті Тоқаев пен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Президент Тоқаевқа және тиісті ведомстволарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Келесі айда өтетін "Корея - Орталық Азия" саммитінде жеке кездесіп, сәлемдесеміз деп үміттенемін", - деп жазды Ли Чжэ Мен.



Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға жасырын кіріп, біздің азаматтарымызға қарсы телефон алаяқтығын жасаған кореялық топ мүшелері жергілікті жерде ұсталғаннан кейін екі аптадан соң толықтай елге қайтарылып, полиция тергеуінен өтуде.Құрықтаудан елге қайтаруға дейінгі шаралардың жедел жүзеге асуы Қазақстан Президенті Тоқаев мырза мен Қазақстанның...
— Ли Чжэ Мен (@Jaemyung_Lee) 11 тамыз, 2026 жыл
Айта кетейік, осы хабарламадан бірнеше сағат өткен соң Ли Чжэ Мен қазақстандық аудиторияға тікелей арнап, қазақ тілінде де осындай жазба жариялады. Онда ол Президент Тоқаевтың ресми аккаунтын да белгілеген.

Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға жасырын кіріп, біздің азаматтарымызға қарсы телефон алаяқтығын жасаған Корея Республикасының ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жергілікті жерде ұсталғаннан кейін 2 апта өткен соң толықтай елге қайтарылып, қазіргі уақытта тергеу амалдары… https://t.co/C4kcfCQXmK
— Ли Чжэ Мен (@Jaemyung_Lee) 11 тамыз, 2026 жыл
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК Қазақстанда Оңтүстік Кореяның 14 азаматы ұсталғанын хабарлады, олар телекоммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, ұйымдасқан топ құрамында алаяқтық жасады деп күдіктелген. Кейінірек Оңтүстік Корея БАҚ-тары Қазақстанда өткен ауқымды арнайы операцияның кей деректерін жариялады.

Айта кетейік, сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президентінің арнайы өкілі Кан Хун Шикті қабылдаған болатын. Тараптар стратегиялық серіктестікті дамыту, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және көлік-логистикалық байланыстарды талқылады.
Кан Хун Шик Тоқаевқа Ли Чжэ Меннің Сеулге келіп, қыркүйекте өтетін "Корея Республикасы – Орталық Азия" бірінші саммитіне қатысу туралы шақыруын табыстады.
Тоқаев шақыруды қабыл алып, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Читайте на сайте