Хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады
Йеменнің "Ансар Алла" (хуситтер) қозғалысы Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Жизан ауданында орналасқан Aramco компаниясының мұнай өңдеу зауытына екі дронмен шабуыл жасады. Бұл туралы қозғалыстың бақылауындағы йемендік SABA агенттігі хабарлайды, деп жазады Tengrinews.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Йемен қарулы күштері Жизан ауданындағы Aramco компаниясының мұнай өңдеу зауытына екі ұшқышсыз ұшу аппаратымен соққы жасады, нысана дәл көзделді", - деп агенттік әскери дереккөздің сөзін келтіреді.
Агенттіктің пайымдауынша, бұл шабуыл Сауд Арабиясының Саада және Хаджа провинцияларында Йеменнің әуе кеңістігі мен егемендігін бұзғанына жауап болды. Агенттік дереккөзі хусит күштері Йемен егемендігінің кез келген бұзылуы мен елге жасалған шабуылдарға жауап қайтаруды жалғастыра беретінін айтты.
Сондай-ақ хуситтер Йеменнің оңтүстік-батысындағы Таиз провинциясының Зубаб елді мекені ауданында орналасқан әуежайға екі баллистикалық зымыранмен соққы жасады.
"Ансар Алла" Таиз провинциясының Зубаб ауданындағы Зубаб әл-Мандеб әуежайына екі баллистикалық зымыранмен соққы жасады", - деп хабарлады РИА Новости агенттігіне йемендік әскери дереккөз.
Бұған дейін бейсенбі күні дереккөз хуситтердің Йеменнің оңтүстік-батысындағы Таиз провинциясындағы Моха сауда портына зымыранмен соққы жасап, кемежайға айтарлықтай зақым келтіргенін хабарлаған болатын.
Кейінгі аптада хуситтер шабуылдарын үдетіп, Йеменнің халықаралық деңгейде танылған үкіметінің Марибтегі позицияларына, Моха портына, Сауд Арабиясының Наджран және Жизан қалаларындағы нысандарға, сондай-ақ Баб-әл-Мандеб бұғазындағы кемеге соққы жасады.
Шиеленістің жаңа кезеңі 13 шілдеде Ираннан келе жатқан ұшақтың қонуына кедергі келтіру мақсатында Сана әуежайының ұшу-қону жолағына соққы жасалғаннан кейін басталды. Хуситтер бұл шабуыл үшін Сауд Арабиясын айыптап, содан кейін корольдік аумағына соққы жасауды қайта бастады.