World News in Kazakh

Ауқымды блэкаут: Жетісу облысының тұрғындары да жарықсыз қалды

Жетісу облысы, соның ішінде Талдықорған мен Текелі қалалары жарықсыз қалды. Бұған магистральды электр желілеріндегі апаттық ажырату себеп болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тамыз күні сағат 14:38-де кернеуі 500 кВ болатын үш әуе электр желісінде - Л-5400, Л-5300 және Л-5320 желілерінде апаттық ажырату болды. Олардың барлығы KEGOC АҚ-на тиесілі.

Соның салдарынан Талдықорған, Текелі қалаларында және Жетісу облысының сегіз ауданында электр энергиясы өшіп қалды.

Мамандар электр қуатын қалпына келтіру үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.Қалалар мен аудандардағы әлеуметтік нысандарда генераторлар іске қосылғаны айтылды.

Не болды?

Бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр жарығының сөнгенін хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың жарықсыз қалғаны ресми түрде расталды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Алматыда жаппай жарықтың сөнуіне "KEGOC" АҚ-на тиесілі 500 кВ магистральдық электр желілерінің апаттық жағдайда ажырауы себеп болған.

Қалада байланыс нашарлап, жол қозғалысы қиындады, бағдаршамдар жұмыс істемей тұр. "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ қазіргі уақытта мамандар электр қуатын қалпына келтіру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар Алматы тұрғындарына электр энергиясының сөнуінен кейін су беруде де іркілістер болуы мүмкін екені ескертілді.

Жарықтың сөнуіне байланысты тұрғындар қалалық инфрақұрылымның, соның ішінде әуежайдың да жұмысында қиындықтар туындағанын хабарлады.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі болған жайтқа қатысты пікір білдіріп, жарықтың жаппай өшуіне не себеп болғанын айтты.

Істемей тұрған бағдаршамдар мен байланыстағы іркіліс: жарық өшкеннен кейін Алматыда не болып жатыр?

Читайте на сайте