World News in Kazakh

“Талибан“ Ауғанстанда билікке келгеніне бес жыл болғанын атап өтті

"Талибан" радикалды исламшыл қозғалысы елдегі 20 жылға жуық халықаралық әскери қатысудан кейін Ауғанстан астанасы Кабулға кіргеніне бес жыл толғанын атап өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.

"2021 жылы билікке қайта келгеннен бері "Талибан" көптеген ауғандықты негізгі құқықтарынан айырып, планетадағы ең репрессивті режимдердің бірін орнатты. Жаңа биліктің шаралары қоғамнан іс жүзінде оқшауланған әйелдерге ең ауыр соққы болып тиді. Олар үшін көпшілік алдына еріп жүрушісіз шығуға, оқуға, спортпен шұғылдануға және көптеген салада жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған", - делінген телеарна сюжетінде.

ЮНЕСКО-ның мәліметінше, шамамен 2,5 миллион ауған қызы орта мектеп пен университетке бару мүмкіндігінен айырылған. "БҰҰ-әйелдер" ұйымы ауған әйелдерінің жартысына жуығы қазір үйінен айына бір немесе екі рет қана шығатынын хабарлады. Тәліптер бұл саясат олардың шариғат заңдарын түсіндіруіне сәйкес келетінін алға тартады.
Халықаралық аренада тәліптер бірқатар Азия және Таяу Шығыс мемлекетімен бейресми байланыс орнатты. "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде ресми түрде мойындаған жалғыз ел – Ресей.
Осы жағдайлар аясында ЕО шенеуніктерінің Брюссельде қозғалыс өкілдерімен ауған мигранттарын отанына қайтару мәселесі талқыланған жақындағы техникалық кездесуі өткір сынға ұшырады.
БҰҰ-ның жиырмадан астам тәуелсіз сарапшысы әлем елдерінің үкіметтерін тәліптермен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге асықпауға және бұл бағыттағы кез келген қадамдарды адам құқықтары, ең алдымен әйелдер мен қыздардың құқықтары саласындағы дәлелденген, өлшенетін және тәуелсіз тексерілген ілгерілеушілікпен байланыстыруға шақырды.

Читайте на сайте