Иран мен Оман Ормуз арқылы кемелердің өту картасы бойынша келісімге келді
Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы картасы бойынша келісімге келді, кей мәселелер әлі де талқыланып жатыр. Бұл туралы Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаиге сілтеме жасап ирандық телеарна хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
"Тегеран мен Маскат кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өту картасы бойынша келісімге қол жеткізді, дегенмен кейбір мәселелер әлі де талқылану үстінде", - делінген жарияланымда.
Бұған дейін Сауд Арабиясының Al-Hadath телеарнасы Тегеран мен Маскат Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін толық ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін хабарлаған, оны Иранның ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі мақұлдауы тиіс. Телеарна мәліметінше, келісім туралы ресми түрде алдағы күндері жарияланады.
Сенбі күні, 15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды жеңгеннен кейін Ормуз бұғазын Америка аумағы деп жариялайтынын айтқан болатын. Бұған жауап ретінде Тегеран бұғаз тек Иран билігінің өкімімен ғана ашылатынын немесе жабылатынын мәлімдеді.
Осы жылдың басында АҚШ Иранға соққы жасай бастағанға дейін Ормуз бұғазы мұнай танкерлері үшін ең маңызды теңіз бағыты болған еді. Соғыс басталғаннан кейін бұғаз арқылы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтады. Кемелердің бұғаз арқылы қозғалысы АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің негізгі мәселелерінің біріне айналды.
Бұған дейін Трамп Вашингтонның бұғазды бақылауда ұстап отырғанын бірнеше рет мәлімдеген. Тегеран болса әр кез бұл ақпаратты теріске шығарып, бұғаз Ислам Республикасының бақылауында және басқаруында деп санайды.