World News in Kazakh

Қазақстан шекарасында 160 көлік бақылаудан өтпеді: себебі неде?

Белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен 160-тан астам автокөлік Қазақстанға жіберілмеді. Сауда және интеграция министрлігі оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Tengri Auto.
Мән-жайы
Бұған дейін Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жыл басынан бері шекарада 13 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, 160-тан астам көлік құралы кері қайтарылғанын мәлімдеген болатын.
Tengri Auto бұл машиналардың қайдан әкелінгенін, қандай заңбұзушылықтар анықталғанын және олардың тағдыры не болғанын білу үшін министрлікке сауал жолдады.
Қандай автомобильдер бақылаудан өтпеді?
Техникалық реттеу және метрология комитеті редакцияның ресми сауалына берген жауабында 160-тан астам көлік құралының елге кіруіне жол бермеу деректері 2024-2026 жылдар аралығында анықталғанын хабарлады. Машиналар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірмейтін әртүрлі елдерден, негізінен Қытайдан әкелінген.
Сөз Shacman, Howo, FAW және басқа да маркалы жүк көліктері туралы болып отыр.

"Әкелуге тыйым салудың негізгі себептері - техникалық регламент талаптарына, соның ішінде экологиялық класқа сәйкес келмеуі, сондай-ақ растаушы құжаттардың болмауы", - делінген хабарламада.

Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, автомобильдер Қазақстан аумағынан шығарылуы тиіс немесе кемшіліктер жойылғанға дейін уақытша сақтау қоймасына орналастырылады.
Комитет заңбұзушылықтар тіркелген нақты өткізу пункттері туралы ақпаратты жарияламады, бұл деректер жедел бақылаудың егжей-тегжейлі мәліметтері екенін түсіндірді.
Қанша автомобиль тексерілді?
Комитеттің жауабында министр бұған дейін айтқан мәліметтерден өзгеше деректер келтірілген. Ведомство ақпаратына сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері бақылау шараларымен 6,5 мыңнан астам көлік құралы қамтылған. Ал 2025 жылдың басынан бері 14,5 мыңнан астам машина тексерістен өткен.
Әкелуді бақылау күшейтілді
2026 жылғы сәуірде Қазақстанда автомобильдердің сәйкестігін бағалау ережелері өзгерді. Атап айтқанда, көлік құралдарының сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүргізудің уақыт нормативтері белгіленді.
Министрлік бұл шара жалған сынақтарды болдырмауға және автомобильдерді толыққанды тексеруді қамтамасыз етуге көмектесетінін түсіндірді.
Бұдан бөлек, техникалық реттеудің цифрлық жүйесі ЭВАК шұғыл шақыру жүйесімен интеграцияланды. Бұл автомобиль туралы мәліметтерді, соның ішінде оның маркасын, мәртебесін және тіркелген күнін, сондай-ақ орнатылған шұғыл шақыру құрылғысының деректерін автоматты түрде салыстыруға мүмкіндік береді.
Министрлік деректері бойынша, 2026 жылы ресімделген көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктердің орташа айлық саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға азайған. Ведомство мұны Қазақстанға әкелінетін автомобильдер көлемінің азаюымен байланыстырады.
Бұған дейін сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев "сұр" автодилерлердің қызметі туралы пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, заңсыз схемалармен жұмыс істейтін және қауіпті автомобильдерді саудалайтын сатушыларды анықтап, олардың қызметіне тосқауыл қою және жауапкершілікке тарту қажет.

Читайте на сайте