YouTube платформа жұмысының негізгі қағидаттарының бірін өзгертеді
YouTube видео қаралымын есептеу қағидатын өзгертеді. 24 тамыздан бастап қаралым роликті қосқан сәттен - алғашқы кадрдан бастап есептеледі, деп хабарлайды Tengri Life платформа мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Жаңа ереже бүкіл әлем бойынша қолданысқа еніп, барлық видео форматына таралады.
Бұған дейін YouTube форматқа байланысты қаралымды есептеудің әртүрлі әдісін қолданып келген еді. 2025 жылы ұқсас қағида Shorts-қа енгізіліп қойған. Енді компания бұл көрсеткішті бүкіл платформада біріздендіруді ұйғарды.
"24 тамыздан бастап қаралымдардың жаңа көрсеткіші YouTube-тегі қаралым саны көрсетілетін барлық жерде пайда болады. Бұл авторлардың жалпы қаралым саны тезірек өсуі мүмкін екенін білдіреді", - делінген хабарламада.
Бұл ретте бұрынғы көрсеткіш жойылмайды. YouTube Analytics-те ол "Қызығушылық танытқан қаралымдар" деп аталады. Оның көмегімен авторлар роликті қосқаннан кейін қанша қолданушы оны ары қарай тамашалағанын көре алады.
Монетизация не болмақ?
YouTube есептеу жүйесінің өзгеруі авторлардың табысына және серіктестік бағдарламасына қатысу шарттарына әсер етпейтінін атап өтті.
Төлемдер бұрынғыдай Shorts-тағы қызығушылық танытқан қаралымдар мен көру уақытына негізделіп есептеледі. Серіктестік бағдарламасына қосылу талаптары да өзгермейді.
Осылайша, 24 тамыздан бастап роликтердің жария қаралым саны тезірек өсуі мүмкін, өйткені қаралым алғашқы кадрдан-ақ тіркеле бастайды.