World News in Kazakh

Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болады - Президент

23 тамызда Қазақстанда жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуінде еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келе жатқанын атап өтті.

"Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп. Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады", - деді Президент.

Ол партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарлағанын айтты.

"Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы үндеуінің толық мәтіні мына сілтеме арқылы оқыңыз.
Еске сала кетейік, 23 тамызда Қазақстанда жаңа Парламент – бірпалаталы Құрылтай сайланады. Бұл конституциялық реформадан кейінгі алғашқы парламенттік сайлау: Сенат пен Мәжіліс таратылып, екіпалаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Құрылтай келеді.
Жаңа заң шығарушы органдағы орындарға жеті партия таласады. Ең көп кандидатты "Әділет" партиясы ұсынды – 186. Одан кейін "Ауыл" – 69, Respublica – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, "Ақ жол" – 63, "Байтақ" – 47 және ЖСДП – 33 кандидат.
Сайлаудан кейін Парламенттің бұрынғы форматы бірпалаталы жаңа жүйеге толықтай алмастырылады.
Ал 1 шілдеден бастап елде жаңа Конституция күшіне енді. Әрбір қазақстандыққа тікелей қатысы бар өзгерістер туралы толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.

Читайте на сайте