World News in Kazakh

Сақтандыруға аты енгізілмеген адамға көлік тізгінін беруге бола ма? Сарапшы жауап берді

Кейде көлік тізгініне оның иесі емес, басқа адам отыруы мүмкін. Бірақ ол адамның аты сақтандыру полисінде көрсетілмесе, не істеу керек? Tengri Auto көлікті қандай жағдайда басқа адамға беруге болатынын және сақтандырудың болуы неге әрдайым негізгі талап санала бермейтінін анықтады.
Көлік тізгінін басқа адамға берерде нені білу керек?
Біз жол қозғалысы ережелері жөніндегі сарапшы, жүргізуші нұсқаушысы әрі автожурналист Евгений Каримовтан мұндай жағдайда заң не дейтінін сұрадық.
Оның айтуынша, бұл жерде көлік иесі мен сақтандыру полисінде аты көрсетілген адамды ажырата білу керек.

"Заң бойынша көлік иесінің көзінше және оның келісімімен автомобиль жүргізген адамның жауапкершілігі міндетті сақтандыруға жатпайды. Яғни көлік иесі тізгінді сақтандыру полисінде аты бөлек көрсетілмеген адамға да бере алады. Бірақ бұл кезде көлік иесінің өзі автомобиль ішінде болуы керек", - деп түсіндірді Евгений Каримов.

Бұл ретте көлік иесі деп тек автомобиль кімнің атына тіркелсе, сол адам ғана саналмайды. Көлікті жалға алу шарты немесе заңда көзделген өзге де негізбен заңды түрде пайдаланып жүрген адам да көлік иесі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Евгений Каримов тағы бір маңызды жайтқа назар аударды. Адамның аты осы көліктің сақтандыру полисінде тұрғаны оның полисте жоқ басқа жүргізушіге көлік тізгінін бере алатынын білдірмейді.

"Сондықтан жолаушының аты осы автомобильдің сақтандыру полисіне енгізілгені ғана оған сақтандыруда жоқ адамға көлік жүргізуге рұқсат беру құқығын бермейді. Мұндай құқық көлік иесіне ғана тиесілі және ол адамның өзі көліктің ішінде болуы қажет", - деді сарапшы.

Демек, көлік иесі салонда отырса және оның келісімімен рөлге сақтандыру полисінде көрсетілмеген адам отырса, бұған рұқсат етіледі. Ал көлік иесі салонда болмаса, жанындағы басқа адамның аты сақтандыруда тұрғанының өзі жеткіліксіз.
Маңызды: жолаушының сақтандыру полисінде болуы мен оның көлік тізгінін басқа адамға беру құқығы - екі бөлек нәрсе.
Мұндай жағдай қашан кездесуі мүмкін?
Мұндай жағдай көбіне алыс жолда туындайды. Мысалы, көлік иесі шаршап, жанындағы адамнан рөлге отыруды сұрауы мүмкін. Егер көлік иесінің өзі салонда қалып, тізгінді өз келісімімен берсе, екінші жүргізушінің аты сақтандыру полисінде жоқ екені оның көлік жүргізуіне өздігінен кедергі болмайды.
Алайда рөлге отырған адамның тиісті санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі міндетті түрде болуы керек. Көлік жүргізуге құқығы жоқ адамға тізгін беру - бөлек құқықбұзушылық.
Көлік иесі машинадан шығып кетсе ше?
Егер көлік иесі тізгінді сақтандыруда аты жоқ адамға берсе, оның өзі салонда отыруы аса маңызды.
Мысалы, көлік иесі бұрын өзі рұқсат бергенін алға тартып, автомобильді сол жүргізушіге қалдырып, оны жалғыз бір жаққа жіберсе, бұл енді басқа жағдай болып есептеледі.
Жол апаты болса не болады?
Егер сақтандыру полисінде аты көрсетілмеген жүргізуші жол апатына түссе, бұл зардап шеккен тарап сақтандыру төлемінен бірден қағылады деген сөз емес.
Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, міндетті сақтандыру ең алдымен зиян келген үшінші тұлғалардың мүддесін қорғайды.

"Жүргізушінің аты полисте жоқ болуы жәбірленуші үшін сақтандыру қорғанысы автомат түрде тоқтайды дегенді білдірмейді. Мұнда көлікті пайдалану тәртібінің бұзылуы мен үшінші тұлғаның сақтандыру өтемін алу құқығын бір-бірінен ажырата қарау керек", - деді Абзал Қасымжанов.

Сондықтан сақтандыру компаниясы көлікті басқарған адамның аты полисте жоқ деген жалғыз себеппен төлем жасаудан бас тарта алмайды. Егер заңда көзделген сақтандыру жағдайы болса және келтірілген зиян үшін жауапкершілік анықталса, жәбірленушіге төлем жасау мәселесі бөлек қаралады.
Сонымен қатар, сақтандыру компаниясы төлем жасағаннан кейін заңда көзделген кейбір жағдайларда сол қаражатты кінәлі адамнан кері өндіріп алуға құқылы болуы мүмкін.

"Жәбірленушіге сақтандыру төлемін жасау және ақыр соңында бұл шығынды кім өтеуі керек деген мәселе - құқықтық тұрғыдан екі бөлек мәселе", - деп түсіндірді адвокат.

Мысалы, заңда көрсетілген жағдайларда, соның ішінде жүргізуші көлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде басқарса, регресс талабы қойылуы мүмкін.
Сондай-ақ, келтірілген шығын сақтандыру төлемінің мөлшерінен асып кететін жағдайды да ескеру керек. Мұндай кезде жәбірленуші өтелмей қалған соманы зиян келтіруге жауапты адамнан талап ете алады.
Жүргізуші зардап шексе ше?
Сақтандыру полисінде аты жоқ жүргізушінің өзі жол апатынан жарақат алса немесе өзі басқарған көлік бүлінсе, жағдай өзгеше болады.
Мұндай кезде көлік иесінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі бойынша төлем міндетті түрде жасалады деп есептеуге болмайды. Өйткені міндетті сақтандыру ең алдымен үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті өтейді, ал жол апатына кінәлі жүргізушінің өзінің немесе оның көлігінің шығынын өтеуге арналмаған.
Егер кінәлі тараптың өз көлігі бүлінсе, шығынды өтеу мәселесі әдетте КАСКО арқылы шешіледі. Ал апатқа екінші тарап кінәлі болса, шығын сол тараптың есебінен өндірілуі мүмкін.
Егер жүргізушінің өзі жарақат алса, жол апатының мән-жайы, әр қатысушының кінә дәрежесі және тиісті төлем алуға негіз бар-жоғы бөлек анықталады.
Демек, жүргізушінің аты сақтандыру полисінде жоқ болуы жәбірленушіге өтемақы төленбейді деген сөз емес. Алайда бұл сақтандыру компаниясы заңда көзделген жағдайларда кейін кінәлі тұлғаға регресс талабын қоя алмайды дегенді де білдірмейді.

Читайте на сайте