World News in Kazakh

“Алатау жарық компаниясы“ Алматыдағы жарықтың жиі өшуін түсіндірді

"Алатау жарық компаниясы" Алматыдағы жарықтың жиі өшуін инвестициялық бағдарлама аясындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырып, оны желілердегі апаттармен шатастырмауды сұрады.
Алматыда неге апта сайын жарық өшеді?
Алматының түрлі аудандарында апта сайын жарық өшіп тұрады. Қала тұрғындары амалсыздықтан әлеуметтік желілерде шағымданып жатыр.

"Энергетиктер, кезек сіздерде! Алматы тұрғындарына жарық не себепті жиі өшетінін түсіндіріп беріңіздерші", - деп жазды алматылықтар Тhreads әлеумсеттік желісінде.

Кейбіреулер электр қуатының жоқтығын жабдықтардың әбден тозуымен байланыстырады:

"Алматыдағы электр желілерінің тозу деңгейі 88,85 пайызға дейін жетеді (2025 жылдың басындағы мәлімет бойынша). Қала орталығындағы жабдықтар мен кабельдік желілердің пайдаланылу мерзімі көбіне 30-45 жылдан асып кеткен. Егер қала маңызды инфрақұрылымды жөндей алмаса, бұл мегажобалардың, стадиондар мен реновацияның не керегі бар? Тағы да жарықсыз отырмыз", - деп кейіді тағы бір Тhreads қолданушысы.




Threads желісінен көру





Threads желісінен көру


Электр энергиясын беру және бөлумен айналысатын "Алатау жарық компаниясы" (АЖК) сайтында жарықты жоспарлы ажыратулар кестесі тұрақты түрде жарияланып тұрады. Бұл шараның апта сайын дерлік өткізілуі қызмет көрсетудегі іркілістердің тұрақты сипат алғанын растайды.
Алматы мен Алматы облысындағы электр энергиясын жоспарлы ажырату кестесі. azhk.kz сайтынан алынған скриншот.
Десе де, компания бұл жағдайлардың апаттық іркілістерге қатысы жоқ екенін алға тартады.

"Электрмен жабдықтауды жоспарлы түрде өшіру қолданыстағы электр қондырғыларында жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін қажет. Олар кабельдік және әуе электр желілерін, трансформаторлық қосалқы станцияларды, тарату пункттерін, коммутациялық жабдықтарды жөндеу және ауыстыру, сондай-ақ профилактикалық сынақтар мен техникалық диагностика жүргізумен байланысты", - деп нақтылады компаниядағылар.

Алматыдағы жоспарлы жарық өшіру - бұл ең алдымен желілер мен жабдықтарды жөндеу, соның ішінде бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру. 2030 жылға дейін компания келесі жұмыстарды атқаруы тиіс:

53 шақырым магистральдық электр беру желілерін және 853 шақырым тарату желілерін реконструкциялау;
жұмыс істеп тұрған жеті трансформаторлық қосалқы станцияны жаңғырту;
қуаты 110 кВ болатын жаңа қосалқы станция салу.


"Бұл іс-шаралар жекелеген проблемалы учаскелерді бір реттік жөндеуге емес, қаланың алдағы өсімі мен электр жүктемелерін ескере отырып, Алматыны электрмен жабдықтаудың сенімділігін жүйелі түрде арттыруға бағытталған. Жоспарлы жұмыстар көлемінің артуы және тиісті хабарландырулардың көбеюі жүйе жағдайының нашарлағанын білдірмейді, керісінше электр желісі инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау көлемінің ұлғаюымен байланысты", - деп түсіндірді АЖК өкілдері Алматыда жиілеген жарық өшіру жағдайларын.

Алматыдағы электр желілерінде апаттар не себепті болады?
Компания өкілдері апаттық жағдайлардың жоспарлы ажыратуларға жатпайтынын бірнеше рет баса айтты.

"Жөндеу және реконструкциялау жұмыстарына байланысты жоспарлы ажыратулар мен технологиялық бұзылу салдарынан болатын апаттық ажыратуларды ажырата білу керек. Компания жариялайтын кестелер негізінен желілерді жөндеу мен жаңғыртуға қажетті жоспарлы жұмыстарды көрсетеді және оларды тікелей апаттық ажыратулар статистикасымен салыстыруға болмайды", - деп сұрады "Алатау жарық компаниясы".

Апаттар, мәселен, күн ыстықта кондиционерлер, желдеткіштер мен тоңазытқыштар жаппай қолданылған кезде де орын алады. Мәселен, 2026 жылғы 20 шілдеде ең жоғары тұтыну қуаты - 2098 МВт тіркелді.
Сондай-ақ, компания апаттардың негізгі себептерін атап өтті.

"Электр жүктемесінің артуы қоршаған ортаның жоғары температурасымен ұласып, жабдықты пайдалану жағдайын қиындатады және бар жасырын ақаулардың көрінуіне ықпал етеді. Бұл ретте жоғары температураның өзі апаттың тікелей себебі емес. Технологиялық бұзылулардың негізгі себептері - кабельдік және әуе электр беру желілерінің, тарату құрылғылары элементтерінің зақымдануы, оқшаулағыштың табиғи ескіруі, сондай-ақ бөгде ұйымдардың жер жұмыстарын жүргізуі кезіндегі желілердің механикалық зақымдануы", - деп ақталды АЖК.

Компания сайтында Алматыдағы жарықтың өшуі бойынша интерактивті карта бар, онда апаттар онлайн режимде көрсетіліп тұрады.

"Тұрғын үйлердегі электрмен жабдықтаудың бұзылуы мен кернеудің ауытқуы әрқашан энергия тасымалдаушы ұйым желілеріндегі технологиялық ақауларға байланысты емес. Бұл жағдайлар үй ішіндегі электр желілерінің тиіссіз күйіне байланысты болуы мүмкін, ал оған тұрғын үйге қызмет көрсететін уәкілетті орган (ПИК, МИБ) жауапты", - деп толықтырды компания өкілдері.

Сонымен қатар, компания жаңа құрылыстардың көбеюін желілерге күш түсу себептеріне жатқызбайды, өйткені әрбір нысанды қосу үшін техникалық шарттар алдын ала бөлінеді. Жаңа үйлердің пайдалануға берілуі тек электр энергиясының жалпы тұтынуына ғана әсер етеді, деді АЖК өкілдері.

"Алматы қарқынды дамып келеді: халық саны артып, жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік және коммерциялық нысандар іске қосылып жатыр, тұрмыстық техника мен кондиционерлеу жүйелерімен жабдықталу деңгейі өсіп жатыр. Тиісінше, қаланың жалпы электр тұтынуы да артып келеді. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан және көптеген жаңа нысандар қосылған жекелеген аудандарда 6–10 кВ тарату желісінің кейбір элементтеріне жүктеменің артқаны байқалады. Дегенмен, қазіргі уақытта АЖК-ның таратушы электр желілерінде қуат тапшылығы жоқ, ал желілер рұқсат етілген режимдер шегінде пайдаланылып жатыр", - деп түйіндеді компаниядағылар.

Егер жарық кенеттен өшіп қалса, себебін әрқашан АЖК-ның +7 727 356-99-99 телефоны бойынша байланыс орталығынан білуге болады.
Тағы оқыңыз:
Алматыдағы блэкаут. Орталық Азияның энергия жүйесінде не болды?

Читайте на сайте