World News in Kazakh

Непалдағы су тасқынынан үш күн өткен соң үйінді астынан алты жасар қыз тірі табылды

Непалда құтқарушылар жойқын су тасқынынан кейін Расува ауданындағы үйінді астында үш тәулік бойы жатқан алты жасар қызды аман алып қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі India Today басылымына сілтеме жасап..

"Жұма күні Непал құтқарушылары Расува ауданында нағыз ғажайыптың куәсі болды. Гималай елінде жүздеген адамның өмірін қиған жойқын су тасқынынан үш күн өткен соң топырақ пен үйінді астынан тірі қалған қыз бала табылды", – делінген басылым материалында.

Басылым баланы құтқару сәтінің бейнежазбасын да жариялаған. Мәліметке сәйкес, Бхотекоши өзенінің арнасындағы селден кейін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері үйінді астынан шыққан дауысты естіген.
Сенбі күні қыз тікұшақпен Катмандудағы ауруханаға жеткізілді. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Непалдың солтүстік аудандарында су тасқыны 26 тамыз күні таңертең басталған. Қытай аумағынан келген қуатты су ағыны Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарларына жайылып, жүздеген адамды ағызып кеткен. Табиғи апат салдарынан үйлер, жолдар мен көпірлер қираған.
Алдын ала болжам бойынша, апатқа мұз бен тау жыныстарының орасан зор бөлігінің опырылып түсуі және соның салдарынан болған көшкін себеп болуы мүмкін.
Болжам бойынша, мұз бен тастың үлкен массасы мұздықтан бөлініп, бір шақырымнан астам биіктіктен құлаған. Қалдықтар өзен арнасын уақытша бөгеп, кейін табиғи бөгет бұзылған. Соның салдарынан төменгі ағыста орналасқан елді мекендерге қарай су, лай мен тау жыныстары аралас жойқын ағын жүрген.
Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апаттан қаза тапқандар саны 750 адамға жеткен. Үш мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде, олардың арасында Қазақстанның үш азаматы да бар.

Читайте на сайте