World News in Kazakh

1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктерге жаңа тексеріс енгізіледі: жүргізушілер нені білуі керек?

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автомобильдердің экологиялық нормативтерге сәйкестігіне техникалық зерттеу жүргізу енгізіледі. Ол кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өту кезінде міндетті болады. Tengri Auto жаңа талаптың кімдерге қатысты болатынын, тексеруден алдын ала өту қажет екенін және оны қай жерде жасауға болатынын анықтады.
1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
Жаңа механизмнің қалай жұмыс істейтіні туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратов айтып берді.
Анықтама: LEZ (Low Emission Zone) – бұл зиян заттардың шығарылу деңгейі төмен аймақ. Жоба қаладағы экологиялық жағдайды және ауа сапасын жақсартуға бағытталған. Алматыда LEZ әзірге пилоттық (техникалық) режимде жұмыс істеп тұр, шектеулер мен айыппұлдар қолданылмайды.
Оның айтуынша, жаңа талаптар бензин, газ және дизель отынымен жүретін автомобильдерге қолданылады. Техникалық зерттеуден өту автомобильді кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өткізу кезіндегі міндетті шартқа айналады.
Бұл ретте ол техникалық байқау мен техникалық зерттеудің екі бөлек процедура екенін атап өтті.

"Міндетті техникалық байқау автомобильдің жалпы жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық зерттеу ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес тек зиян шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған. Бензин және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтіндеуі тексеріледі", – деп түсіндірді ол.

Осылайша, жаңа экологиялық тексеру әдеттегі техникалық байқауды алмастырмайды.
Дегенмен, оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап онсыз кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өту мүмкін болмайды.
Тексеруден дәл қазір өту керек пе?
Жоқ. Көлік иелеріне қолданыстағы техникалық байқау мерзімі аяқталғанға дейін арнайы техникалық зерттеуден өтудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін автомобильдерге қатысты болады.
Егер жүргізуші техникалық байқаудан осы күнге дейін өткен болса, құжат белгіленген мерзім аяқталғанға дейін жарамды болады. Техникалық байқаудан қайта өту немесе автомобильдің шығарындыларын алдын ала тексеру талап етілмейді.
Автомобильдер қай жерде тексеріледі?
Әдеттегі техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген жұмыс істеп тұрған техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал экологиялық зерттеу тек сертификатталған жабдығы бар және бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.
Бұл ретте жүргізуші мұндай станцияда қос процедурадан бірден өте алады. Станциялар тізімі Almaty Parking сайтында жарияланады.
Қанша автомобиль экологиялық тексеруден өтпеді?
Алматы Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев мобильді экологиялық зертханалардың 2,5 мыңнан аса автомобильді тексергенін хабарлады.

"714-тен аса көлік құралынан белгіленген нормативтерден асып кету жағдайлары анықталды. Қосымша 19 стационарлық экологиялық бекетте 116 мыңнан аса өлшеу жүргізіліп, белгіленген көрсеткіштерден асудың 13 мыңнан аса жағдайы тіркелді", – деді Бахтыгереев.

Экология басқармасы көліктің ауаның ластануының жалғыз көзі емес екенін атап өтті. Ауа сапасына жеке сектор, энергетикалық нысандар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және қатты және сұйық отынды пайдаланатын бизнес өкілдері, соның ішінде моншалар, ТҚС (СТО) және кәуапханалар да әсер етеді.
Жоба хронологиясы
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты "Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын" бекітті. Құжат төрт бағытты қамтиды:

автомобиль көлігіне қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
III санаттағы стационарлық нысандарға қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
мониторинг жүргізу және бұзушылықтарды анықтау;
шығарындылар деңгейі төмен аймақты (Low Emission Zone, LEZ) ұйымдастыру.

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев LEZ аймақтарында тек экологиялық нормаларға сәйкес келетін автомобильдер ғана жүре алатынын (Евро-5-тен төмен емес деп көрсетілген болатын) мәлімдеді. Заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл ретте Сматлаев 2026 жылы Алматыға ақылы кіру енгізілмейтініне сендірді. Бұл норманы енгізу үшін Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу қажет.
Бұған дейін анықталғандай, LEZ аймағына кіру камералардың көмегімен автоматты түрде бақыланады – интеллектуалды фото және бейнетіркеу жүйесі бекеттердегі қызметкерлерсіз-ақ, көлік нөмірлерін шығарындылар бойынша техникалық байқаудан өткені туралы дерекқормен салыстырады. Тек экологиялық нормаларға сәйкестігі расталған көліктер үшін кіру тегін болып қалады, бұл ретте басты критерий шыққан жылы немесе эко-класы емес, пайдаланылған газдың нақты тексеру нәтижесі болмақ.
Аймақ шекарасында физикалық блокбекеттер мен шлагбаумдар болмайды. Көлік кірген кезде иесіне SMS-хабарлама жіберу жоспарланған, ал ақысы төленбеген өту үшін кейінірек айыппұл салынуы мүмкін, оның мөлшері әлі бекітілген жоқ.
Сондай-ақ қала тұрғындарынан ескі көліктерді сатып алу мәселесі әлі де қаралу үстінде екені белгілі болды – бұған бөлінетін бюджет пилоттық жобаның қорытындысынан кейін ғана анықталады.

Читайте на сайте