World News in Kazakh

Шаш үлгісі, макияж және маникюр: Қазақстан мектептері оқушыларға қандай тыйым сала алады?

Әлеуметтік желілерде мектептердің оқушылардың сырт келбетіне қоятын жаңа талаптары қызу талқыланып жатыр. Көптеген оқу орнында қыздардың шаш үлгісіне қатысты ұсыныстар мен шектеулер, ал ұлдарға шаш ұзындығы мен пішініне қойылатын талаптар пайда болды. Мұндай ережелер қаншалықты заңды және бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі не дейді – Tengri Education анықтап көрді.
Жаңа ережелер туралы не белгілі?
Әлеуметтік желілерде қазақстандық мектептердегі оқушылардың сырт келбетіне қойылатын қатаң талаптарды сынаған жазбалар тарап жатыр. Авторлар ата-аналарға арналған жадынамаларды жариялап, мұндай шектеулердің қаншалықты негізді екенін сұрайды.
Threads әлеуметтік желісінен скриншот
Желі қолданушылары бұйра, боялған және ерекше шаш үлгілеріне, самайдағы қырылған өрнектерге, шашқа арналған гельді қолдануға, макияж бен ашық маникюрге салынған тыйымдарды талқылап жатыр.
Жадынамаларға қарағанда, мектептердегі талап деңгейі әртүрлі. Кейбір оқу орындарында қыздарға шашты төбеге түйіп немесе артқа жинап бууға тыйым салынған. Мұндай үлгілер "көзге түсетін әрі ерекше" деп аталған. Рұқсат етілгендер қатарында тек өрілген шаш бар.
Threads әлеуметтік желісінен скриншот
Оқушы қыздарға шашқа лента өруге тыйым салған мектептер де бар. Тек ақ бантиктің үш түріне рұқсат етілген. Бұл жадынаманы мектеп өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында жариялаған.
Мектептің Instagram-дағы ресми парақшасынан скриншот
Министрлік не деп жауап берді?
Оқу-ағарту министрлігі Tengri Education-ге оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарды әр мектеп дербес белгілейтінін түсіндірді. Олар мектептің ішкі ережелерімен анықталады және қамқоршылық кеңеспен, ата-аналар комитетімен және мектептің өзін-өзі басқару органымен келісіледі. Түпкілікті талаптар жалпы ата-аналар жиналысында бекітіледі.

"Жалпы білім беретін мектеп басшылығы білім алушыдан және ата-аналардан білім беру ұйымының жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және оның қызметін реттейтін актілерді сақтауды талап етуге құқылы", – делінген жауапта.

Егер оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзса, мектеп алдымен бұл жағдайды тіркеп, онымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Содан кейін бұл туралы ата-анасына хабарлап, ережелерді еске салады.
Егер тәртіп бұзу қайталанса, материалдар ата-ананың әкімшілік жауапкершілігін қарастыру үшін білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне берілуі мүмкін.
Ата-аналардың білім беру саласындағы міндеттерін орындамағаны үшін ескерту жасау немесе 5 АЕК (2026 жылы 21 625 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер мұндай құқықбұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) болады.
Еске сала кетейік, Орал мектептеріндегі шаш үлгісіне қойылған талаптар ата-аналардың ашуын туғызған болатын. Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы жадынамадағы шаш үлгілері тек мысал ретінде көрсетілгенін айтып жауап берді. Дегенмен сабаққа шашты бояп және макияжбен баруға тыйым салынады.

Читайте на сайте