Тоқаев БҰҰ-ны жаңғырту үшін керек шартты атады
, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің халықаралық құқықты қорғауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бас хатшының бастамасымен қолға алынған реформа БҰҰ-ның әмбебап сипатын сақтап, оны анағұрлым тиімді, нақты нәтижені көздейтін құрылымға айналдыруға тиіс. Ал өзгерістердің сәтті өрбуі саяси ерік-жігер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің жауапкершілігіне байланысты.
Бұдан бөлек, Президент орта державалардың рөлі артып келе жатқанына айрықша назар аударды.
"Мұндай елдер түрлі орталықтар арасындағы диалогқа және ұжымдық шешімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олардың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық тұрақтылық жасанды интеллектіні дамыту аясындағы жауапкершілікке көбірек тәуелді.
"Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қолданысына жол бермейтін және цифрлық алшақтықты қысқартатын әмбебап ережелер қажет. Қазақстанның бастамасымен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға септігін тигізеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Президенті: БҰҰ атына жиі сын айтылады, кейбір сын орынды
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!