World News in Kazakh

Қазақстандық әйел улы саңырауқұлақпен тәжірибе жасап, өлім аузынан қалды

Петропавлда дәрігерлер сәнді үрдіске еріп, "күйзелісті басу және бой сергіту үшін" шыбынжұт жеген науқастың өмірі үшін бірнеше тәулік бойы күресті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
40 жастағы әйел қалалық көпбейінді жедел медициналық көмек ауруханасына ауыр хәлде жеткізілді. Уланудың айқын белгілерінен бөлек, науқаста агрессия, орынсыз мінез-құлық, өзін-өзі бақылай алмау және психомоторлық мазасыздық байқалған. Әйелдің айтуынша, ол оқиға алдында шыбынжұт жеген.

"Қажетті тексерулерден кейін науқас "белгісіз заттан қатты улану" диагнозымен жансақтау бөліміне шұғыл жатқызылды. Сондай-ақ қосалқы аурулар мен тәуелділік синдромы анықталды", - деп хабарлады медициналық мекеменің баспасөз қызметі.

Жансақтау бөлімінің дәрігерлері науқасты ажал аузынан алып қалды. Төрт тәулік бойы олар ағзадағы уды айдап, өмірлік маңызды функцияларды қолдау, уланудан туындаған бұзылыстарды түзету және ауыр асқынулардың алдын алу үшін қарқынды терапия жүргізді.

"Жағдайы тұрақталғаннан кейін әйел терапия бөліміне ауыстырылып, бақылау мен емдеу шаралары жалғасты. Ауруханадан шыққан соң науқасқа психиатр мен наркологтың мамандандырылған көмегіне жүгіну ұсынылды", - деп атап өтті аурухана өкілдері.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында саңырауқұлақтан улану салдарынан бес адам ауруханаға түскен.
Петропавл дәрігерлері шыбынжұтты микродозамен тұтыну бірнеше жыл бұрын көрші елдерде сәнге айналғанын, ал жақында бұл үрдіс Қазақстанға да жеткенін айтады.
Бірнеше маркетплейсте кептірілген шыбынжұттан жасалған түрлі өнім: қалпақшалар, ұнтақталған саңырауқұлақтар және қызыл немесе пантералық шыбынжұттың микродозалары бар дайын капсулалар ашық сатылып жатыр. Бағасы түрі мен көлеміне қарай 3 мыңнан 40 мың теңгеге дейін барады.
Сатушылар сипаттамада шыбынжұттың аз мөлшері күйзеліс пен депрессиядан арылуға, ұйқыны жақсартуға, қуат пен зейінді арттыруға, сондай-ақ түрлі ауру мен алкогольге тәуелділікті емдеуге көмектеседі-мыс деп сендіреді.
Алайда дәрігерлер бұл қауіпті саңырауқұлақтың қауіпсіз дозасы болмайтынын атап өтті.

"Шыбынжұт пен сананы өзгерту мақсатында қолданылатын басқа да өсімдіктер немесе заттар "тынығудың", күйзелісті басудың немесе жаңа әсер алудың қауіпсіз жолы емес. Ағзаның жеке реакциясы мен улану деңгейін алдын ала болжау мүмкін емес", - деп ескертеді Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық көмек ауруханасының дәрігерлері.

Медициналық мекеме өкілдері улану салдары сананың бұзылуына, құрысуға, тыныс алу мен жүрек қызметінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл жағдайдың соңы өте ауыр, тіпті өлімге дейін апаруы ықтимал.
Анықтама: Ресми медициналық мәліметтерге сәйкес, шыбынжұт құрамындағы улы және психоактивті заттарға байланысты қауіпті, олар ауыр улануға, мидың зақымдануына, психозға және өлімге соқтыруы мүмкін. Шыбынжұттың негізгі улы компоненттері – мусцимол, мускарин және иботен қышқылы. Бұлар – күшті нейротоксиндер мен галлюциногендер. Иботен қышқылы ми жасушаларын зақымдайды, ал мусцимол психиканың бұзылуы мен галлюцинацияларды тудырады. Мускарин уы жүйке жүйесінің жұмысын бұзып, қан тамырларын тарылтады, жүрек соғысын бәсеңдетеді және өкпенің ісінуіне немесе тұншығуға әкелуі мүмкін. Аматоксиндер мен фаллотоксиндер бауыр мен бүйректі лезде істен шығарады.
Шыбынжұттан улану жүрек айну, құсу, диарея, құрысу, естен тану, психоз және қатты мазасыздану белгілерін тудыруы мүмкін.

Читайте на сайте