World News in Kazakh

Ақтөбе облысында екі Toyota Camry бетпе-бет соқтығысып, алты адам қаза тапты

Ақтөбе облысында болған жойқын жол апатынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Қандыағаш қаласына жақын маңда, республикалық маңызы бар "Ақтөбе - Астрахань" автожолының 94-шақырымында болған.

Полиция департаментінің мәліметінше, тасжолда екі Toyota Camry автокөлігі бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, көлік салонындағылардың ешқайсысы аман қалмады. Жол апатынан Ақтөбе және Атырау облыстарының тұрғындары опат болды.

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қайғылы жағдайдың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін қажетті сот сараптамалары тағайындалған.

Полиция департаменті қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты шектен тыс асырмауға және қала сыртындағы жолдарда барынша мұқият болуға тағы да шақырды.

Читайте на сайте