Қазақстандағы бір ауылда тұрғындар су үшін 45 есе артық ақы төлеп келген
Қостанай облысындағы Глебовка ауылының тұрғындары ауызсу үшін қалыпты бағадан 45 есе артық төлеп келген. Ауыл тұрғындарына бір текше метр су 5500 теңгеден сатылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Заң бойынша сумен қамту қызметіне мемлекеттен субсидия бөлінуге тиіс. Алайда тариф дер кезінде қайта қаралмаған. Қадағалаушы орган араласқаннан кейін бір текше метр судың бағасы 116 теңгеге дейін төмендетілді.
"Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін Глебовка ауылындағы ауызсу тарифі субсидияланатын қызметтер тізіміне енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауылдағы 430 тұрғынның, оның ішінде 21 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды", – деді Денисов ауданы прокурорының міндетін атқарушы Мирас Мизанбаев.
Оның айтуынша, тарифтің төмендеуі тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығынын едәуір азайтып, күнделікті тіршілікке қажет ауызсуды қолжетімді етеді.