World News in Kazakh

Қазақстандықты Үндістандағы кемеде 4 ай бойы ұстап отыр: СІМ нота жолдады

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістанға дипломатиялық нота жолдады. Бұған құрамында отандасымыз бар экипаж мінген кеменің ұсталуы себеп болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Қазақстан СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

"Үндістан Республикасының Парадип портында 23 теңізшіден тұратын экипажы бар MT UNITY кемесі ұсталды. Теңізшілердің бірі - Қазақстан азаматы. Кеменің ұсталуы оның иесінің жергілікті жанармай жеткізушісі алдындағы қаржылық қарызына байланысты болып отыр", - делінген жарияланымда.

Қазақстандық дипломаттар отандасымызды елге қайтару үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.
"Үндістан Сыртқы істер министрлігіне мәселені шешуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен тиісті дипломатиялық нота жолданды", - деп түсіндірді Үсенов.
Ведомствоның ресми өкілі аталған Қазақстан азаматы мен оның отбасы мүшелері еліміздің дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап өтініш білдірмегенін айтып өтті.
Бұған дейін БАҚ 11 мамырдан бері Үндістанда қамауда тұрған Unity мұнай танкерінің экипаж құрамында Қазақстан азаматы бар екені туралы хабарлаған. Камерун туы астындағы кеме жүк түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін кеме иесіне қойылған қаржылық талаптарға байланысты ұсталды. Дауға қатысушы екі компания да БАӘ-де тіркелген. Істі Үндістанның Орисса штатының соты қарап жатыр. Бортта барлығы 23 адам бар, теңізшілерді үйіне қайтару мәселесі әлі шешілген жоқ.
Тағы оқыңыз: СІМ шетелге шығуды жоспарлаған қазақстандықтарға үндеу жасады

Читайте на сайте