Өтпей қалғаны анық: Қазақстандағы жүргізуші куәлігін алу емтихандарынан видео пайда болды
Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық емтихан тапсыру кезінде бір күнде бірден үш жол апаты болды. Оқиғалар Астана, Ақтөбе және Талдықорғанда тіркелді, деп хабарлайды Tengri Auto "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ресми Телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Үш жағдайда да үміткерлер автодромдарда тапсырманы орындау кезінде көлікті басқара алмай қалған. Абырой болғанда оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Мәліметтерге сәйкес, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Практикалық емтихан кезінде болашақ жүргізушілер газ бен тежегіш педальдарын шатастырып, жол белгілерін қағып кетеді, қоршау мен басқа көліктерге соғылады.
Жыл басынан бері еліміздің автодромдарында практикалық емтихан тапсыру кезінде осыған ұқсас 100-ге жуық жол-көлік оқиғасы болды.
Жүргізуші куәлігін алу үшін тек жол қозғалысы ережелерін білу жеткіліксіз екенін есте сақтаған жөн. Практикалық емтихан алдында үміткер автокөлікті нық басқара білуі және жолдағы жағдайға жедел әрекет етуі тиіс.
Жүргізушілерге емтиханға дайындыққа жауапкершілікпен қарау және қажетті практикалық дағдыларсыз рөлге отырмау ұсынылды.
Еске сала кетейік, биыл наурызда Алматыда жүргізуші емтихан кезінде қоршауды қиратып кеткен болатын.
Жүргізуші куәлігін алу емтихандарында не болып жатыр?
Өткен аптада Құрылтайда жүргізуші куәлігін алу емтиханын ұзақ күту мәселесі көтерілді – арнайы ХҚКО-лардағы кезек жарты жылға дейін созылады. Осыған байланысты олардың жұмыс уақытын ұзарту ұсынылды.
Бұған дейін қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алуға арналған емтиханға жазылудың ұзақтығына шағымданған болатын. Теориялық және практикалық емтихандарға бос орындар көбіне айлап болмайды.
"Азаматтарға арналған үкімет" кезектің туындауына сұраныстың жоғарылығын, өтініштердің маусымдық өсуін, өңірлердегі жүктеменің біркелкі еместігін, автодромдар тапшылығын және емтиханды бірінші рет тапсыра алмағандардың қайта жазылуын негізгі себептер ретінде атады.
Тағы оқыңыз: Емтихан тапсыруға жарты жыл кезекте тұрады: Қазақстанда арнайы ХҚКО-лардың жұмыс тәртібін өзгерту ұсынылды
Қазақстандықтар неге жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруды айлап күтеді: арнайы ХҚКО түсіндірді