World News in Kazakh

Әлемдегі ең бай адамдардың бірі отставкаға кететінін жариялады

Уоррен Баффетт компанияда 60 жылдан аса жұмыс істегеннен кейін Berkshire Hathaway директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кететінін жариялады. Бұл туралы Баффетт Berkshire Hathaway акционерлеріне жолдаған хатында жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлемдегі ең танымал қаржы қайраткерлерінің біріне айналған 96 жастағы инвестор енді құрметті төраға лауазымын иеленді, ал оның орнына ұлы Говард Баффетт келді.
Berkshire Hathaway компаниясы Уоррен Баффет бүгіннен бастап эмерит-төраға болатынын хабарлады. Бұл ретте ол компанияның директорлар кеңесінің мүшесі болып қала береді және өзінің тәжірибесі мен пайымдауларын бөлісе отырып, кеңес беруді жалғастырады.

"Уақыт әрқашан жеңіске жетеді", - деп жазды Баффетт Berkshire Hathaway акционерлеріне жолдаған хатында.

Ол уақыт қайырымды болғанын және Berkshire Hathaway-дің болашағына барынша сенімді сәтте оны көруге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Баффетт хатында Berkshire Hathaway-де 1965 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Ол компания төрағасы болып 1970 жылы тағайындалған.
Скриншот: Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway акционерлеріне жолдаған хаты
Осыдан сегіз ай бұрын Баффетт Berkshire Hathaway бас директоры қызметінен кеткен болатын. Оның орнына инвестордың көп жылғы серіктесі Грег Абель келді. Ол кезде компания Баффет директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын сақтап қалуға ниетті екенін хабарлаған еді.
CEO қызметінен кеткеннен кейін де Баффетт Berkshire Hathaway-дің инвестициялық қызметіне белсенді қатысуын жалғастырды.
Ол 1960-жылдары Berkshire Hathaway-ді негізгі инвестициялық құрал ретінде пайдалана бастаған сәттен бастап, бас директор қызметінен кеткенге дейін компания акцияларының құны 5,5 миллион пайыздан аса өсті. Салыстырмалы түрде алсақ, дәл осы кезеңде S&P 500 индексінің өсімі шамамен 39 мың пайыз болды.
Анықтама: Баффеттің басшылығымен Небраска штатында орналасқан Berkshire Hathaway теміржол мен сақтандырудан бастап, тәттілер мен балмұздақ өндірісіне дейінгі әртүрлі саладағы компанияларға инвестиция салды. Қазір Berkshire Hathaway BNSF теміржол компаниясына, Geico сақтандыру компаниясына, сондай-ақ Fruit of the Loom, Benjamin Moore, Duracell және Dairy Queen сияқты танымал брендтерге иелік етеді.
Жасына қарамастан, Баффетт инвестициялық шешімдер қабылдауға белсенді қатысуын тоқтатқан жоқ. Шілдеде ол CNBC телеарнасына берген сұхбатында Berkshire Hathaway Google-дың бас компаниясы - Alphabet-ке инвестиция сала бастағанын айтты.
Сонымен қатар инвестор технологиялық алпауыттың акцияларын ертерек сатып алмағаны үшін қателік жібергенін айтты. Қазір бұл инвестицияның құны 27 миллиард доллардан асады, ал Alphabet Berkshire Hathaway-дің ең ірі салымдары арасында бесінші орында тұр.
Басылым мәліметінше, Уоррен Баффетт әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 10-орында тұр. Оның байлығы 145 миллиард доллардан аса сомаға бағаланады.
Бұл ретте инвестор өз байлығының қомақты бөлігін қайырымдылыққа жұмсауға ниетті.
Он жыл ішінде Баффетт Билл және Мелинда Гейтс қорына 50 миллиард долларға жуық қаражат аударды. Сондай-ақ ол байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа беруге міндеттелген миллиардерлердің басын қосқан The Giving Pledge бастамасын құруға атсалысты.

"Менің байлығымның 99 пайыздан астамы көзім тірісінде немесе қайтыс болғаннан кейін қайырымдылыққа жұмсалады", - деп мәлімдеген болатын Баффетт бұған дейін.

Berkshire Hathaway төрағасы қызметінен кеткеннен кейін де Баффетт эмерит-төраға ретінде компания директорлар кеңесінің мүшесі болып қала беретіні атап өтілді.

Читайте на сайте