World News in Kazakh

Күніне 100 долларға дейін төлеген: Астананың соты алаяқтар тобын түрмеге тоғытты

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты телефон алаяқтығымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды. Нәтижесінде 24 адам сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қарағанды облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Сот әрбір қатысушының нақты рөлі болғанын, ал олардың іс-әрекетін ұйымдастырушылар үйлестіріп отырғанын анықтады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбір тұлғалар ұйымдастырушылардың нұсқауымен жабдықтар алу үшін көрші елге барып тұрған.

"Орындаушылар негізінен Telegram арқылы табылған. Оларға белгілі бір қалаға келу, баспана жалдау, SIM-box құрылғысын алу немесе жеткізу, жабдықты Интернетке қосу, қазақстандық операторлардың SIM-карталарын орнату және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған. Бұл үшін қатысушылар тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін сыйақы алып отырған", - деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің телефондарынан табылған Telegram-дағы хат алмасулар басты дәлел болды. Онда жабдықты орнату және оған қызмет көрсету, SIM-карталарды ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп беру бойынша нұсқаулықтар қамтылған.

"SIM-box құрылғысына қосылған телефон нөмірлері арқылы азаматтарға алаяқтық қоңыраулар шалынғаны анықталды. Қаскөйлер өздерін мемлекеттік орган, банк, "Қазпошта" және басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардан растау кодтарын алған, оларды несие рәсімдеуге және ақша аударуға көндірген", - деді қадағалау органындағылар.

Сотталушылар өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, прокуратура ұсынған дәлелдер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін растады. Топ мүшелері 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Читайте на сайте