World News in Kazakh

Еңбек министрлігі 2027 жылғы зейнетақы мөлшерін жариялады: қазақстандықтар қанша алады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдері өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2027 жылдан бастап зейнетақы қалай өзгереді?
Министрлік Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен - ынтымақты, базалық және жинақтаушы төлемнен тұратынын еске салды. Төлем мөлшері азаматтың еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты есептеледі.

"Күнкөріс деңгейі жыл сайын өскен сайын базалық зейнетақы мөлшері де артады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы жыл сайын 5 пайызға индекстеледі", - делінген министрліктің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында.

Анықтама: Күнкөріс деңгейі - адамның азық-түлік, киім-кешек, баспана, көлік және өзге де күнделікті қажеттіліктерін өтеуге жететін ең төменгі табыс мөлшері. Қазақстанда бұл көрсеткішті Ұлттық статистика бюросы орташа баға негізінде есептейді. Ол зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді белгілеу кезінде қолданылады. 2026 жылы Қазақстандағы күнкөріс минимумы 50 851 теңге болса, 2027 жылы оны 55 173 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты төленетін зейнетақыны 8,5 пайызға арттыру жоспарланған. Өсім бірыңғай тәртіппен жүргізіліп, барлық зейнеткерді қамтиды.
Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70 пайызына тең болады. Ал ең жоғары базалық зейнетақыны күнкөріс минимумының 118 пайызынан 120 пайызына дейін көтеру көзделіп отыр.
Өсімнен кейін жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 113 541 теңге болады. Оның құрамына:

базалық зейнетақы - 38 622 теңге;
ынтымақты зейнетақы - 74 919 теңге.

Жиынтық зейнетақының ең жоғары мөлшері 259 795 теңге болады. Оның ішінде:

базалық зейнетақы - 66 208 теңге;
ынтымақты зейнетақы - 193 587 теңге.

2027 жылы зейнетақы төлеуге қажетті қаражат 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылған. Қазір құжат Құрылтайдың қарауында.
Базалық зейнетақы мөлшері қалай өзгереді?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бері базалық зейнетақы мөлшері бес жыл бойы кезең-кезеңімен өсіп келеді.
Ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс минимумының 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерін 100 пайыздан 120 пайызға дейін көтеру жоспарланған.
1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болмаған және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған азаматтарға мемлекеттік базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70 пайызы көлемінде, яғни 38 622 теңге болып төленеді.
Зейнетақы жинақтарының жағдайы не болмақ
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Қызметкер мен жұмыс беруші аударатын зейнетақы жарналары салымшылардың жеке шоттарына және БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарына жиналады. Кейін осы қаражат зейнетақы төлемін есептеуге негіз болады.
2027 жылы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеліп, аударыла береді.
Бұл ретте 2027 жылы зейнетақы жарналарының жаңа түрлерін енгізу жоспарланбаған.
Жинақтағы қаражатты қайда жұмсауға болады?
Жұмыс істейтін азаматтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының бір бөлігін бұрынғыдай тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдалана алады.
Ол үшін БЖЗҚ-дағы қаражат ең төменгі жеткілікті шегінен асуы керек. Біржолғы зейнетақы төлемдерін осы мақсаттарға пайдалану тәртібі өзгермейді.
Анықтама: Ең төменгі жеткілікті шек - азаматтың болашақта белгіленген ең төменгі зейнетақыдан кем емес төлем алуына мүмкіндік беру үшін оның зейнетақы шотында қалуға тиіс ең аз қаражат. Бұл көрсеткіш ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы, күнкөріс минимумы, инфляция және инвестициялық табыс секілді әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ескеріле отырып есептеледі.
Үкімет қаулысына сәйкес, ең төменгі жеткілікті шек жыл сайын қайта есептеледі. Бұл ретте республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақының өсуі, сондай-ақ жеткіліктілік шегін есептеуге қолданылатын базалық мөлшерлемелердің кезең-кезеңімен көтерілуі ескеріледі.
Осылайша азаматтың болашақ зейнетақысына қажет қаражат шотта сақталады, ал жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін баспана жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға мүмкіндік беріледі.
2026 жылға белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегін БЖЗҚ деректерінен білуге болады.
БЖЗҚ-дан берілетін ең төменгі төлем мөлшері қандай болады?
Жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аударған азаматтар жинақтаушы зейнетақы алуға құқылы. Оның мөлшері міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат көлеміне байланысты.
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс минимумының 70 пайызынан кем болмауға тиіс. 2027 жылы бұл көрсеткіш 40 063 теңге болады.
Ең жоғары төлем мөлшеріне шектеу қойылмайды - ол әр азаматтың жинаған зейнетақы қаражатына қарай жеке есептеледі.
Еске салайық, 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соның арқасында салымшыларға зейнетақы жинағын басқаруға қатысты қосымша мүмкіндіктер берілді.

Читайте на сайте