Петропавлда ломбард тоналды: ақпарат үшін сыйақы жарияланды
Петропавлда белгісіз біреулер ломбардты тонап, бірнеше миллион теңгенің алтын бұйымдарын жымқырып кетті. Ұйым басшылығы ұрлыққа қатысы бар адамдарды табуға көмектесетін ақпарат үшін сыйақы жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға туралы ақпарат ломбардтың өзінен белгілі болды. Коммерциялық ұйым басшылығы атышулы қылмыстың бетін ашуға көмектесетін ақпарат үшін сыйақы тағайындады.
"Ломбард "Деньги населению" ЖШС бөлімшелерінің бірінде белгісіз адам бұзып кіру арқылы ірі көлемдегі алтын бұйымдарды ұрлап кетті. Егер осы мүлік ұрлығы дерегі бойынша қандай да бір нақты ақпарат болса, хабарлауыңызды сұраймыз. Ақпарат берушіге қатаң құпиялылық пен лайықты сыйақыға кепілдік береміз", - делінген ломбардтың ресми хабарламасында.
Кейбір деректер бойынша, шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуықтайды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне ломбардтағы ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Фото: оқиға орнынан түсірілген Tengrinews.kz/Елена Бережная
"Оқиға орнында тексеріс жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, ұйым қызметкерлері мен куәгерлерден жауап алынды. Ұрлыққа қатысы бар адамды және қолды болған мүліктің қайда екенін анықтау бойынша қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді полиция өкілдері.
Ведомство өзге мәлімет, соның ішінде ұрлықтың жасалу тәсілдері жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 11 қарашада Павлодарда белгісіз біреулер Halyk Bank бөлімшесінің қабырғасын тесіп, бір миллиард теңгеден астам қаражатты алып кеткен болатын. Қылмыс болған банк бөлімшесі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.
22 ай бойы тергеу: Павлодардағы банк тонау туралы не белгілі және миллиардтар қайда кетті?
Сол кезде аса ірі көлемде ұрлық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандық полицейлер алтын бұйымдар мен ақша ұрланғанын хабарлаған болатын.
2025 жылғы ақпанда ресейлік БАҚ төрт адам қамауға алынғанын хабарлады. Кейін бес күдікті ұсталғаны туралы ақпарат тарады - олардың барлығы Ресей азаматтары болып шықты. Кейін іс халықаралық тәртіпке сәйкес қадағалау органы арқылы Ресейдің тергеу органдарына берілгені белгілі болды. Банктегі ұрлық бойынша қылмыстық істі тергеу 22 айдан бері жалғасып келеді.