World News in Kazakh

Каспийдегі трагедия: аман қалған үш әскери қызметші медальмен марапатталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ерлігі үшін" медалімен марапатталғандар:

Қуандық Бекет Бақтыбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
Темірхан Ақжол Тимурұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
Удалов Никита Александрович – 29011 әскери бөлімінің маманы (санитариялық нұсқаушысы).

Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен (қайтыс болғаннан кейін) Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер марапатталды.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте таңертең соңғы екі әскери қызметшінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Құтқарылған үш адамның біреуі - 19 жастағы Ақжол Темірәлиев. Ол ауруханаға ауыр хәлде түсіп, кейін жансақтау бөлімінен терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әәскери қызметшіге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Қазгидромет дауылды ескерту жариялаған: өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні болжанған.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Жоғары лауазымды бес басшы ұсталды. Тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Тағы оқыңыз: Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады

Читайте на сайте