World News in Kazakh

Ұлыбританиядағы әуебаза маңында бес адам терактіге дайындық жасады деген күдікпен ұсталды

Ұлыбритания полициясы жексенбі күні Глостершир графтығындағы Уэлфорд ауданында орналасқан және АҚШ Әскери-әуе күштері пайдаланатын Фэрфорд корольдік әуе базасының маңында "төтенше жағдай" жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Euronews басылымына сілтеме жасап..
Соңғы мәліметтерге сәйкес, теракт дайындады және жарылғыш заттарға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Тергеу амалдарын терроризмге қарсы күрес полициясы басқарып жатыр.
Полицияның мәлімдемесінде армияның жарылғыш заттарды залалсыздандыру жөніндегі мамандандырылған тобы бірнеше көлікті тексеріп жатқаны айтылған.

"Аудан қоршауға алынды, десе де тұрғындарды біздің мәліметімізше жағдайдың тұрақталғанына сендіргіміз келеді. Біз серіктестерімізбен тығыз байланыстамыз және мұқият пысықталған іс-қимыл жоспарын іске асырып жатырмыз", – деп атап өтті полиция өкілдері.

Глостершир полициясының хабарлауынша, жексенбі күні таңғы сағат 00:45 шамасында Фэрфорд базасына қарай бет алған "үш күдікті көлік" туралы қоңырау түскен.
АҚШ президенті Дональд Трамп бес күдіктінің ұсталғанын растап, бұл шараны "фантастикалық" деп атады, сондай-ақ олардың "үлкен нұқсан келтіруді көздегенін" айтты.
Трамп Вашингтон мен Лондонның ынтымақтастығы "өте жақсы" деңгейде өткенін және бұл "керемет жұмыс" болғанын мәлімдеді. Ұлыбритания Қорғаныс министрі Уэс Стритинг күн бойы әріптесі Пит Хегсетпен байланыста болғанын хабарлады.
Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернэм тергеудің жалғасып жатқанын айтып, "билік барлық фактіні анықтағанға дейін түрлі болжамдар жасаудан аулақ болуға" шақырды. Оның айтуынша, Фэрфорд базасындағы оқиға "жергілікті тұрғындар мен елдегі жағдайды бақылап отырған көптеген адамның терең алаңдаушылығын тудыратынын" түсінеді.
АҚШ Әскери-әуе күштері қолбасшылығының мәліметінше, базада 501-ші жауынгерлік қолдау қанатының штабы және 420-шы авиабазаны қамтамасыз ету эскадрильясы орналасқан. Сонымен қатар Фэрфорд АҚШ ӘӘК-нің Жаһандық соққы беру қолбасшылығы үшін "Еуропадағы бомбалаушы ұшақтарды орналастырудың басымдықты алдыңғы шептегі базасы" ретінде қызмет етеді.

Читайте на сайте