World News in Kazakh

Тоқаев General Atlantic төрағасы және бас директорын қабылдады

Мемлекет басшысы General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Фордты қабылдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективасы, сондай-ақ елімізде технология секторы мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Анықтама: General Atlantic - қарқынды дамып келе жатқан технологиялық және инновациялық компанияларға капитал мен стратегиялық қолдау көрсетуге маманданған жетекші америкалық халықаралық инвестициялық компания. 1980 жылы негізі қаланған ол технологиялар, қаржылық қызметтер, денсаулық сақтау, тұтыну секторы және климаттық технологиялар сияқты бес негізгі бағытқа назар аудара отырып, ондаған миллиард доллар активті басқарады. Әр жылдары General Atlantic портфеліне ByteDance, Airbnb, Uber, Shein және Klarna сияқты әлемдік алпауыттар кірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық трансформация ел дамуындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған орай жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдің жетекші инвесторлары мен технологиялық компанияларын тарту маңызды.

Президент Қазақстанда жаңа технологиялық экожүйе қалыптасып жатқанын айтты. Оның құрамына Astana Hub, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы, Qazaq AI Research University кіреді.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған экожүйені дамыту Higgsfield AI секілді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялардың пайда болуына септігін тигізеді.

Ал Уильям Форд Қасым-Жомарт Тоқаевқа General Atlantic компаниясының қаржы технологиясы, электрондық коммерция, бағдарламалық жасақтама және жасанды интеллект салаларындағы жедел дамып келе жатқан компанияларға, сондай-ақ энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымға инвестиция құю мүмкіндіктері туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен General Atlantic төрағасы Екібастұзда жүзеге асырылатын "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасына назар аударды. Осы орталық аясында жасанды интеллектіге, "бұлттық" есептеулерге және цифрлық сервистерге арналған ірі инфрақұрылым алаңы жасалады. Қазіргі таңда General Atlantic компаниясы аталған жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.

Бұған дейін Тоқаевқа ЖИ және цифрландыру саласындағы жаңа жобалар туралы баяндалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы перспективті жобалар көрмесіне барды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы пен NVIDIA вице-президенті ынтымақтастық перспективасын талқылады.

Читайте на сайте