World News in Kazakh

Алматылықтар қарбалас уақытта қоғамдық көлік қатынасының нашарлығына шағымданды

Алматылықтар таңертең және кешкі уақытта қоғамдық көліктің жетіспейтініне шағымданып жатыр. Аялдамаларда жолаушы легі көп, келген автобустардың өзі үнемі лық толы болады. Соның салдарынан қала тұрғындары ұзақ күтуге немесе бірнеше автобусты өткізіп жіберуге мәжбүр. Биыл қоғамдық көлікке жаңа бағыттар да қосылды. Дегенмен мәселе шешімін таппай отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қоғамдық көліктердің интервалы да сақтала бермейді. Қарбалас уақытта тіпті кестесінен жаңылады. Оған кептелістің де әсері бар. Автобус кешіккен сайын оны күтетін жолаушылардың да саны арта түседі. Күн сайын қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындардың бір ғана уайымы бар: жұмысқа немесе оқуға уақытында жету.

"Басқа амал жоқ. Адам көп, автобус аз, жетіспеушілігі бар енді. Автобустың санын көбейту керек шығар расында. Мына жолдар да біраз тар ма екен деймін. Автобус кептеліс болғаннан кейін уақытында келе алмайды, жете алмайды", - деді қала тұрғыны Жұман Мырзамұхаммедұлы.

Тағы бір назар аударатын жайт – кейбір бағыттардағы автобустарға міну аса қиындық туғызбайды. Есесіне, аузы-мұрнынан шығатын қоғамдық көлік бағыттары да бар. Оның үстіне, адамдар автобус жолағы бар көшелермен жүргенді қалайды.

"Кейінгі кездері Алматы қаласында көлік қозғалысы едәуір қиындап кетті. Оқыған статистикалық мәліметтерім бойынша, автобустардың жүру жиілігі мен аралығы жолақысын төлеуге қатысты көрсеткіштерге байланысты реттеледі екен. Мәселен, бір автобусқа шамамен 50-60 адам сыятын болса, жүргізушілердің айтуынша, олардың тек жартысы жолақысын төлейді", - деді қала тұрғыны Гүлзат Нұрмолдақызы.

Бұл да мәселенің бір ұшы. Мәлімет жүргізетіндер, нақты қанша жолаушы жол ақысын төледі, сонша адам қоғамдық көлікке мінді деп есептейді. Ал шынайы көрініс басқаша. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір қала мен қала маңындағы 210 бағытта 3200-ден астам автобус пен троллейбус қатынайды. Дегенмен адам көп болатын қарбалас уақытта көліктердің белгіленген кестемен жүруі әрдайым мүмкін бола бермейді.

"Қоғамдық көлік мәселесі әсіресе қарбалас уақытта, оқу жылы басталған кезде және қалада жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда күшейеді. Көлік кептелісіне байланысты автобустар да жалпы көлік ағынында тұрып қалады. Соның салдарынан автобустардың арасы ұзарып, келген көлік лық толып кетеді", - деді Қоғамдық көлікті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Ержан Шегебаев.

Қоғамдық көліктің уақытылы жүруіне көшелердің көлікті өткізу мүмкіндігі де әсер етеді. "Мәселені шешу үшін, автобустар санын көбейту жеткіліксіз", – дейді сарапшылар.
Биыл Алматыда жаңа автобус бағыттары енгізілді. Сейфуллин көшесімен жүретін 87-ші, 134-ші бағыттар жүктемені азайтып, жолаушылар еркін қатынауға мүмкіндік алды. Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, тұрғындардың өтініштері мен шағымдары да ескеріледі. Қарбалас уақытқа арнайы кесте енгізіліп жатыр. Яғни жолаушы көп болатын уақытта бағыттарға көбірек автобус шығарылады.

Читайте на сайте