Қазақстанда қанша мектеп әлі күнге дейін үш ауысымда жұмыс істейді?
Қазақстанда үш ауысымды оқыту мәселесі әлі де шешілген жоқ. Кейбір өңірлерде оқушылар бұрынғыша кеш батқанға дейін оқуға мәжбүр. Tengri Education тілшісі елде мұндай қанша мектеп қалғанын, олар қайда орналасқанын және жағдай қашан өзгеретінін анықтады.
Балалар қай жерлерде әлі күнге дейін үш ауысымда оқиды?
Оқу-ағарту министрлігі Tengrinews.kz-тің ресми сауалына берген жауабында үш ауысымды оқыту негізінен Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында сақталып отырғанын хабарлады.
"Бүгінде үш ауысымды мектептердің үлесі 0,5 пайыздан аспайды. Олардың негізгі бөлігі Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Жаңа мектептер салу және жұмыс істеп тұрған ғимараттарға қосымша жапсарлас құрылыстар салу арқылы үшінші ауысымды жою жұмыстары жалғасып жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Министрлік мәліметінше, мысалы Астана, Алматы және Шымкентте бұл мәселе шешіліп қойған.
Елде үш ауысымды қанша мектеп бар?
2024 жылғы тамызда бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет брифингінде үш ауысымды мектептер мәселесі жыл аяғына дейін толық шешілетінін мәлімдеген болатын.
"Биылғы жылдың аяғына дейін бұл мәселені толығымен шешу жоспарланған", – деген еді сол кезде Бейсембаев..
Сонымен қатар билік үш ауысымды оқытудан бас тарту жоспары туралы сонау 2021 жылы айтқан болатын. Сол кездегі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға қарай елде мың мектеп салып, осылайша үш ауысымды оқытуды жою жоспарланғанын атап өткен еді.
Алайда Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы қазандағы соңғы мәліметіне сәйкес, елде әлі де үш ауысымды 36 мектеп бар.
Енді мәселені қалай шешілмек?
Оқу-ағарту министрлігі жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған оқу орындарына қосымша корпустар салу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Бүгінде Қазақстанда 59,3 мың оқушыға арналған 101 мектеп салынып жатыр. Бұдан бөлек Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 100 мыңға жуық орындық 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды.
"Оның ішінде 83 нысан пайдалануға берілді, тағы жетеуін 2026 жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған", – деп нақтылады ведомство.
Жаңа мектептер республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр.
Кейінгі жылдары қанша мектеп салынды?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 миллион оқушыға арналған 1342-ден аса мектеп салынған.
Олардың деректеріне сәйкес, осы кезеңде үш ауысымды оқу орындарының саны бес есе, апатты жағдайдағы мектептер екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе азайған.
"Жаңа нысандарды жоспарлау нақты елдімекендердің қажеттілігін, демографиялық жағдайды және оқушылар санының болжамды өсімін ескере отырып жүзеге асырылады", – деп хабарлады министрлік.
Дегенмен, ведомство Қазақстанда үш ауысымды оқыту қашан толық жойылатыны туралы нақты мерзімді атамады.
Бұған дейін Tengrinews.kz ата-аналар мен мұғалімдердің жаңа Balazhan мектеп платформасына қатысты шағымдары туралы жазған еді. Ата-аналарды балалар мен отбасылар туралы жеке мәліметтерді жинау мәселесі алаңдатса, мұғалімдер қосымша жүктемеге шағымданған. Оқу-ағарту министрлігі бұған не деп жауап бергенін мына жерден оқыңыз.
Тағы оқыңыз: “Мектеп пе, әлде прокуратура ма?” Ата-аналар мен мұғалімдер жаңа Balazhan платформасына шағымданды