Тоқаев Қазақстанның Марокко мен Кубадағы жаңа елшілерін тағайындады
Мемлекет басшысы Қазақстанның Марокко мен Кубадағы жаңа елшілерін тағайындады. Тиісті жарлықтар Ақорданың ресми сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айнұр Нұрланқызы Дәненова Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ал Олжас Әзілұлы Исабеков Қазақстанның Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, Президент жарлығымен Андриан Көпмағамбетұлы Елемесов Қазақстанның Кубадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанның Словения, Босния және Герцеговина, Черногория мен Тунистегі жаңа елшілерін тағайындаған еді. Сондай-ақ, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ауысқан болатын.