World News in Kazakh

Алматыда бес адам қаза тапқан өрт: үйдің иесі оқиға туралы айтты

Алматыда бес адамның, оның ішінде бір баланың өмірін қиған өртке қатысты жаңа деректер айтылды. Өрт шыққан үйдің иесі Қуаныш Кеңес "Жетінші арна" тілшісіне қайғылы оқиғаға қатысты өз болжамын жеткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін. Үй иесі әйелдің шамамен үш ай бұрын да өрт шығарғанын алға тартты.
Ол кезде өрт дер кезінде сөндіріліп, полицияға шағым түспеген. Осы оқиғадан кейін әйел үйден шығарылған. Алайда Қуаныш Кеңестің болжамынша, қайғылы оқиға болған түні әйел үйге қайта келіп, қасақана өрт қойған болуы мүмкін.
Үй иесі өз сөзін растайтын бейнежазбалар мен куәгерлер бар екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, өрт әдейі қойылған.

"Өрттің қасақана қойылғанына жүз пайыз сенімдімін. Өйткені бізде ғимаратты жалға беретін адамдардың байланыс нөмірлері бар. Олар да мұны растады. Өрт қойды деген әйелдің үстінде сол киімі, бетінде маскасы, көзілдірігі, қолында сөмкесі болған. Мұның бәрін растайтын куәгерлер бар. Кейбіреулер бейнебақылау камерасындағы жазбаны жанама дәлел деп санайды. Бірақ олай емес, өйткені оны қолынан ұстап алған адам да бар. Менің пайымдауымша, ол үйге қасақана өрт қойып, тұрғындардың сыртқа шығуына кедергі жасаған", – деді үй иесі Қуаныш Кеңес.


Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты. Жалын 100 шаршы метрден аса аумақты шарпыды. Бес адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, олардың арасында тоғыз жастағы қыз да болған. Тағы тоғыз тұрғын баспанасыз қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады.

Читайте на сайте