Францияда жаппай наразылыққа полицейлер де қосылды
Франция астанасында полиция қызметкерлері де наразылық акциясына қосылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.
Екі ай бойы үздіксіз тәртіп күзетінде жүруден қажыған француз полицейлері үкіметтен жалақыны өсіруді, қосымша ресурс бөлуді және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етіп жатыр.
Заң бойынша ереуілге шығуға құқығы жоқ тәртіп сақшылары Alliance, Un1té және UNSA-Police жетекші кәсіподақтары жариялаған жалпыұлттық жұмылдыру аясында өздерінің үзіліс уақытында наразылық білдірді.
"Біз қауіп-қатер үшін төленетін үстемақыны 35 пайызға дейін көтеруді талап етеміз. Қазір ол 28,5 пайыз және 2019 жылдан бері өзгерген жоқ. Бұл мәселе талқыланбайды", – деді Alliance кәсіподағының өңірлік өкілі Яник Ландрё.
Ішкі істер министрі Лоран Нуньес бұл үстемақыны 2029 жылға қарай базалық лауазымдық жалақының 33,5 пайызына дейін кезең-кезеңімен көтеруді ұсынды. Кәсіподақтар бұл шараны жеткіліксіз деп санап, шұғыл қадамдар жасауды талап етіп отыр.
"Жарақат алатын әріптестеріміздің қатары артып келеді. Париждегі наразылықтың алғашқы аптасында ғана күніне 50 адам жарақат алды. Қазір құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне нысаналы түрде оқ ататын жағдайға жеттік", – деді Ландрё.
Alliance кәсіподағы өкілінің айтуынша, арнайы жасақтың әлі күнге дейін отқа төзімді киімі жоқ, ал жергілікті бөлімшелерден көмекке жіберілген полицейлер тиісті қорғаныс құралдарымен әрдайым қамтамасыз етілмейді.
2600-ден астам қызметкердің жараланғанын айтқан Ландрё, еңбек демалыстары мен заңда қарастырылған тынығу уақытының жойылғанына да назар аударды.
"Әріптестерім қажыған, олардың физикалық күш-қуаты сарқылып жатыр. Бұл жағдай тоқтатылуға тиіс, өйткені халықтың қауіпсіздігін тағы қанша уақыт қамтамасыз ете алатынымызды білмейміз", – деді кәсіподақ өкілі.
Наразылық ауқымы өткен аптада айқын көрінді: ішкі статистикаға сәйкес, тәртіпсіздіктермен күресетін француздық CRS бөлімшелерінің 1200-ге жуық қызметкері денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен.
Полицейлер 15 сағатқа дейін созылатын жұмыс ауысымына және отбасыларынан ұзақ уақыт жырақта жүруге шағымданып жатыр.
Францияның қарамағында шамамен 150 мың Ұлттық полиция қызметкері мен 100 мың жандарм бар, олардың міндеттері күнделікті патрульдеу мен қоғамдық тәртіпті сақтаудан бастап, қылмыстарды тергеу мен терроризмге қарсы күреске дейінгі аралықты қамтиды.
Ұлттық полицияның ресми жалақы кестесіне сәйкес, жас полицейлер айына таза 2160 еуро шамасында, ал Париж аймағында шамамен 2340 еуро алады.