Тасқыннан бүлінген Валенсияға барған Испания короліне наразы адамдар лай лақтырды

3 қарашада Испания королі VI Филипп таяуда тасқыннан қатты зардап шеккен Валенсия аймағындағы Пайпорта қаласына барған кезде ашулы жұрт оған балшық лақтырды.


Наразы адамдар полиция көліктері ілесіп келген испан короліне "қанішер" деп айқайлады. Қалаға келген үкімет шенеуніктері де сынға қалды. Ашулы жұрт "олар неге ертерек келмеді?" деген сұрақ қойды. Наразы халықты ұстап тұруға полицейлер де араласуға мәжбүр болды, олар салт атпен жүрді. Оқиға болған жерде түсірілген видео мен фотолардан күзетшілер VI Филиппті ортаға алып, қолшатырмен қалқалап келе жатқаны көрінеді.




Пайпорта қаласындағы суреттерден Летисия патшайымның бетіне лайға ұқсайтын нәрсе жұғып қалғаны байқалды.


Кейін жергілікті дереккөздер король мен оның әйелі тақсыннан зардап шеккен тағы бір елді мекен Чиваға бармайды, ондағы көшелер қоршауға алынған деп хабарлады.


Кейінгі ресми мәліметтерге сәйкес, шелектеп құйған нөсер салдарынан болған табиғи апаттан 217 адам опат болған, басым бөлігі – елдің шығысындағы Валенсия аймағында. Хабар-ошарсыз кеткен адамдар да бар. Қазір нақты қанша адам жоғалғанын анықтау қиын, алапат тасқын салдарынан телефон байланысы мен көлік қатынасы желілері қатты бүлінген. Көлік министрі Оскар Пуэнте El Pais басылымына берген сұхбатында зардап шеккен кейбір жерге төтенше жағдайлар қызметі бірнеше апта бойы жете алмауы мүмкін деді.


Тасқын салдарынан мыңдаған тұрғын баспанасы мен басқа да дүние-мүлігінен айырылды, көпірлер қирап, бірқатар қалада көше лай балшыққа толып қалды. Бірнеше елді мекен жарықсыз, сусыз қалды, олардағы халық қажетті азық-түліктен тарығып отыр. Халық билікті зардап шеккендерді құтқару және оларға көмек көрсету шарасын кешіктірді, апат болатыны жайлы жұртты дер кезінде ескертпеді деп сынады.

Читайте на 123ru.net